Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді

03.02.2021

Пандемияның алдағы 10 жылдыққа әсері үлкен болмақ. Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау саласына ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі тетігі ретінде қарауға шақырды. Бүгін Елбасы төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Назарбаев әлем елдері үшін қауіптің жаңа түрлері шығып жатқанын да айтты. Ал Қазақстан билігі үшін ең бірінші орында тәуелсіздіктің тұғырын бекітіп, тұрақтылықты сақтау басты міндет болып қала бермек.

Жаңа кезеңде әлем тарихы пандемияға дейін және кейін болып екіге бөлінері сөзсіз. Коронавирус қауіпсіздік деген ұғымға да елеулі өзгерістер енгізді.

Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын қалыптастыру ауадай қажет екендігін айтты. Жер-жихандағы жағдай қалай өзгергенімен де біздің басты құндылығымыз – тәуелсіздік мызғымас дүние болуы шарт.

Инфекциялық аурулар мен вирустар енді әлем үшін өзекті мәселе, тағы бір сынақ. Сол себепті биологиялық қауіпсіздік әрдайым күн тәртібінде болады. Отандық медицинаны дамыту ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетігіне айналып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
-Денсаулық сақтау саласына енді ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың негізі ретінде қарауымыз керек. Пандемия кезінде әлеуметтік-экономикалық шығындар болғаны түсінікті. Біріншіден, азаматтардың кірістерінің төмендеді. Аймақтардағы қалалар мен ауылдар арасында, түрлі салада теңсіздік артты. Мұның салдарымен мақсатты түрде күресуіміз керек. Сондықтан, халықтың әлеуметтік осал топтарын жан-жақты қолдау маңызды.

Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық, кибер, ақпараттық және адам капиталы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
-Негізгі қауіп - минералды ресурстарға бағаның төмендеуі емес, ұлттың интеллектуалды әлеуетінің төмендеуі. Бұл, ең алдымен, білімге қатысты мәселе. Біз дамыған елдерден әлі де қалып келеміз. Сондықтан, алдағы он жылда сапалы білім беру біздің ұлттық идеямызға айналуы тиіс.

Ел әскері кез келген қауіп-қатерге дайын болуы шарт. Жиында ел армиясының әлеуетін арттырып, салаға жаңа технологияларды кеңінен енгізу жайы да талқыға түсті. Елбасы қарулы күштерімізді күшейту күн тәртібінен түспейтін аса маңызды міндет екенін қадап айтты. Өйткені оның артында егемен елдің баянды болашағы мен тәуелсіздігінің тұғырлы тағдыры тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
-Қарулы Күштерді қайта қаруландыру және 2030 жылға дейін қорғаныс өнеркәсібін дамыту армияны жабдықтаудың ұзақ мерзімді көрінісін айқындайды. Оның үстіне жаңа технологиялық сын-қатерлерге жауап береді. Өйткені, отандық қорғаныс өнеркәсібі қорғаныс қабілетінің маңызды құрамдас бөлігі және ол Қарулы күштердің қажеттіліктеріне бағытталған.

Отырыс қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың жауынгерлік дайындық деңгейін арттыруға, аумақтық қорғаныс күштерін нығайтуға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу