Қазақстанның ең жас министрі депутаттардан сөз естіді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның ең жас министрі депутаттардан сөз естіді

03.02.2021
Қазақстанның ең жас министрі депутаттардан сөз естіді

Бүгін Мәжілісте Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Жиында министр қазақ тіліндегі сұрақтарға орыс тілінде жауап бергені үшін депутаттан сөз естіді.

«Мәжіліске алғаш рет келіп тұрсыз. Сіз қазақ тілінде қойылған барлық сұрақтарға рұқсат сұрамай, орыс тілінде жауап бердіңіз. Сіз жасыңызға қарамай, 18 миллион адамның ішінен министр болуға жараған екенсіз, жасыңыз да тәуелсіздікпен шамалас. Мен сіздің сұрақтарға ана тілімізде жауап бермегеніңізді ұят деп санаймын. Сондықтан келесі жиындарда ана тілінде қойылған сұрақтарға қазақ тілінде жауап беруіңізді сұраймын», - деді депутат Берік Дүйсенбинов.

Сондай-ақ отырыста төменгі палата спикері Нұрлан Нығматулин заң жобасындағы мәслихат депутаттарын даярлау және қайта даярлау нормасына қатысты сын айтты. 

«Мәслихат депутаттарының кәсіби біліктілігін арттыру» деген түсінікті нәрсе. Ал «даярлау» мен «қайта даярлау» деген қалай? Оны не үшін жаздыңыздар», - деп сұрады спикер.

Әсет Ерғалиев даярлау және қайта даярлау мәслихат депутаттарының дағдыларын жетілдіруді, оларды оқыту, белгілі бір академиялық бағдарламадан өткізуді көздейтінін жеткізіп, диплом берілетінін айтты.

«Бұл жастардың жақсы көретін әдеті, бір жылда бес дипломды алып, жүре береді. Енді оны осы заң жобасына да жазып қойған. Не істегендерін өздері түсінбейді», - деді Нығматулин.





Хабарламаларға жазылу