Жақын күндері 50 мың адам зейнетақы жинағын пайдалана алады. Салымшылардың өтініші арнайы шотқа ақша аудару сатысында тұр. Бұл туралы «Отбасы банкінің» төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті. Жалпы бүгінге дейін 80 мыңнан аса адам өтініш берген. Ал егер тұтынушы бастапқы мақсатын өзгертіп, қаржыны басқа бағытқа жұмсауды шешсе, оған да шектеу жоқ. Яғни, азамат алдымен қарыздарын өтегісі кеп, кейін ипотекаға жаңа пәтер сатып алғысы келуі мүмкін. Сондықтан қазақстандықтарға ыңғайлы болуы үшін enpf-otbasy.kz порталында тиісті тетік жаңартылып жатыр. Айтпақшы, Ләззат Ибрагимова үй алуда асықпаған дұрыс деп есептейді. Өйткені, табан асты сұраныстың көбеюіне қарай баспана бағасы да қымбаттауда. Бірақ баға жазға таяу қалыпқа түседі.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрайымы:
Күте тұру керек. Меніңше, биыл мамыр мен маусым аралығында баға мәселесі өткен жылдағыдай болуы тиіс. Қазіргі жағдай бойынша баспана бағасы әрине, сатушының нарығына тәуелді. Қоғамда бірінші кезекке шыққаннан кейін үй сататын адамдар мол пайдаға кенелгісі келеді. Бірақ, уақыт өте нарық өзінің шынайы қалпына оралады.
Асима Нұрбайқызы