Зейнетақы жинағын үй алуға және білімге пайдалану тетіктері талқыланды

29.01.2020

Зейнетақы жинағын баспанаға немесе білім алуға пайдалану бойынша ақшаның «жеткілікті шегін» адамның жасына қарай бекіту ұсынылды. Мысалы, 30 жастағы азаматтың қордағы қаржысы 6 миллион 700 мың теңгеден асса, ол одан артылған ақшаны алуына болады. Бірақ бұл мәселенің толық шешімі еместігін айтады депутаттар.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін үй немесе білім алуға пайдалану туралы Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар осыған дейін бірнеше талқылау өткізді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бүгінгі жиында мәселені шешудің алғашқы тетіктерін айтты.

Министрдің сөзінше, бұл халықаралық еңбек ұйымдарының талабы. Өйткені, қордағы ақша бірінші кезекте азаматтарды зейнетақымен қамтуға бағытталуы тиіс.

Жиында зейнетақы жинағын әлеуметтік қажеттілікке пайдалану бойынша әлемдегі озық тәсілдердің бірі - Сингапурлық тәжірибе де айтылды. Бірақ министрдің сөзінше ол жүйе бізге келмейді.

Осылайша, зейнетақы жинағын пайдалану туралы әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі халық күтіп жүрген мәселенің механизмін енді екі айдан кейін айтатындарын хабарлады.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу