Президент Қ.Тоқаев былай дейді, цитата: «Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты».
Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы «көлеңкеде» қалып қойған. Жұмыспен қамтудың жол картасына бөлінген 1 триллионнан небәрі 5,5 миллиард теңге салық төленген. Бұл – жарты-ақ пайыз деген сөз.
Рас, белгілі бір мамандыққа баулып, жұмыспен қамту дейтін бағдарламалардың мыңдаған адамның табыс табуына, жұмыссыздықтың азаюына кәдімгідей септескені туралы осы күнге дейін сараптамалық материалдар көзге шалынбапты. Тек есептер, сандар айтылып жатады. Мұндайда ойға «имитация» деген сөз оралады. Негізі имитация «еліктеу» деген мағына береді, бірақ көбіне «болып көріну» мағынасында қолданылады. Оған бізде барлық салада жарқын мысал көп. Мәселен:
Өскеменде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған көп қабатты тұрғын үй аязға шыдамай жарылып, фасадында үлкен жарық пайда болған. Онда өмір сүретіндер 20 жыл ипотека төлеулері керек, ал үй оған дейін тұра ма? Бұрын «бетін жылтыратып қояды, іші адам көргісіз» дейтін теңеулер беретін едік, енді беті ойылғасын не деріңді білмей қалады екенсің.
Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысына тіршіліктің барлық дерлік саласына қатысты мәселені шығарды. «Жарасы» жоқ сала жоқ. Досжан Маратұлы жалғастырады.