Биыл қазан айында ұлттық халық санағы өтуі тиіс. Мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі Жоғары Кеңестің отырысында Үкіметке осындай тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев халық санағы кезінде цифрлық технологиялардың мүмкіндігін барынша қолдануды жүктеді. Сондай-ақ Ақордада өткен жиында еліміздің 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары, 2030 жылға дейінгі мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасы, 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары, шұғыл реформалар пакеті сынды маңызды құжаттар қаралды.
Қазақстан алдағы уақытта басты үш бағытты ұстанбақ. Олар: институттар сапасы, халықтың әл-ауқаты, мықты экономика. Бұл орайда елдің ең басты құжаты 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары болады. Онда ең басты салаларды дамыту, саяси үрдістерді жетілдіру сынды бағыттар көрініс табады. Қазіргі таңда цифровизация, агроөнеркәсіп, кәсіпкерлік, бәсекелестік, қоршаған ортаны қорғау сынды салаларды дамыту бойынша жобалар қаралып жатыр. Құжаттар осы жылдың шілде айына дейін дайын болуы тиіс. Ал Мемлекет басшысы салалық мәселелерді талқылау кезінде сарапшылардың пікіріне баса мән беруді жүктеді. Жалпы, Ұлттық даму жоспары 12 стратегиялық бағыттан тұрады. Құжат негізінде 2025 жылға дейін 5 пайыздық өсімге шығып, ЖІӨ-гі ШОБ үлесін 35 пайызға, негізгі капиталға инвестиция көлемін 30 пайызға , ал шикізаттық емес экспортты 2 есеге өсіріп, 41 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Ал қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша шаралар өмір сүру ұзақтығын 75 жас етуді медет қылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Жалпы алғанда, барлық индикаторлар біздің басты мақсатымыз – бәсекеге қабілеттікті арттырып, әлемнің дамыған елдер қатарына кіруге мүмкіндік беруі тиіс. Ұлттық даму жоспары аясында ұсынылып отырған реформалардың басым бөлігі көптеген заңнамалық актілерге өзгеріс енгізуді талап етеді. Оның ішінде кәсіпкерлік, бюджет және салық кодекстері бар. Үкімет пен Парламентке бірлесе белсенді жұмыс істеп, депутаттық корпус Ұлттық жоспардың жемісті жүзеге асуы үшін қажетті заңнамалық негізбен қамтамасыз етуі тиіс.
Сондай-ақ жиында 2030 жылға дейін мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасы қаралды. Бұл құжат мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттырып, оның қоғамға есеп беріп тұруын, мемлекеттік қызметтік қызметтің сапасын арттыруға бағытталған. Тұжырымдаманың негізгі ережелері 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асырылуы тиіс. Ал алдағы 4 жылға жоспарланған жекешелендіру бойынша жоспарға сәйкес 5 трлн теңгені құрайтын активтер бәсекелі ортаға тапсырылуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Жоспарға сай жүру өте маңызды. Бұл бағытта Үкіметтің қатаң қағидаларды ұстанғаны абзал. Жекешелендіру жеке монополиялардың пайда болуына, оның соңы қоғамдық наразылыққа ұласпауы тиіс. Жекешелендіру үрдісі әділ өтуін қадағалауды тапсырамын.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы объектілердің жүзеге асуын қадағалайтын қоғамдық бақылау механизмін қалыптастыруды жүктеді. Бұл орайда IPO құралын мейлінше кеңінен қолдану керегін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Халықтық ІРО бағдарламасын жандандыру керек. Акцияларға алдымен Қазақстан азаматтары – жеке тұлғалар ие болуы тиіс. Біздің елдің әр азаматы ұлттық байлықтың бір бөлігін иемденуге мүмкіндік алуы тиіс.
Жиында сөз сөйлеген Президенттің штаттас тыс кеңесшісі, әрі реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары Сэр Сума Чакрабарти Ұлттық даму жоспарын жоғары бағалады. Оның сөзінше, құжат халықаралық талаптарға сай, қоғаммен тығыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Альбина Әшім