Алматыда жүк вагоны жанар-жағармай бекетінің аумағына аударылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жүк вагоны жанар-жағармай бекетінің аумағына аударылды

08.11.2017

Соның салдарынан жақын маңдағы тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Жүк вагонының бірі бос. Сол бос вагон жанар-жағармай бекетінің бензин мен дизель отыны сақталған жерасты қоймасының үстінде жатыр. Екінші вагонға қара түсті метал тиелген. Ал, қауіп төндіріп тұрған цистерна өртеніп кете ме, деп алаңдап отыр.

Бүгін сағат екіден жиырма минут кеткенде Бөкейханов көшесінің бойында орналасқан жанармай бекетінде төтенше жағдай орын алды. Тосқауыл ретінде тұрған вагон цистернаның үстіне құлаған. Сол цистернаның ішінде 56 тонна жанармай болған.

Қазір Бөкейханов көшесінің бойында екі бағыттағы жолдар жабылды. Жақын маңдағы ескі үйлерден 30 адам эвакуацияланды. Оның 5-еуі бала. Вагондарды сүйреп шығару үшін құтқарушылар шақырылды. Жедел көмек келгенімен Жетісу ауданының тұрғындары өмірлері үшін алаңдаулы. Себебі, жұрттың айтуынша, мұндай оқиға осымен 4-ші рет қайталаныпты.

Айгүл Мапетбаева, қала тұрғыны:

- Тұрғындар жиналып вагонды алып тастау туралы өтініш жазған болатынбыз. Себебі, 1989 жылы бұл жерде үлкен жарылыс болған. Өміріміз үшін алаңдаймыз. Бірақ, сөзімізді ешкім тыңдамайды.

Төтенше жағдайға байланысты арнайы штаб құрылды. Оқиға орнында теміржол басшылығы, жанар-жағармай бекеті желісі, қалалық құтқару қызметінің өкілдері әлі жұмыс істеп жатыр.

Жеңісбек Бозбаев, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері:

- Теміржол вагоны аударылған жерде жапа шеккендер жоқ. Жетісу ауданының әкімі басталған штаб құрылды. Оқиға орнында әлі де қауіпсіздендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қазір вагондарды қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, жанар-жағармай бекеті аумағынан шығарып алу мәселесін қарастырып жатыр. «Ал, жақын маңдағы үйлерге еш зияны жоқ», - дейді олар. Алайда, тұрғындар цистерна жарылып кете ме деп қауіптеніп отыр.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу