Мәдениет және өнер саласының қайраткерлеріне Елбасы стипендиясы табысталды. Алматыда бас қосқан жиында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев алдымен Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаевқа І дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті. Биыл 85 жасқа толған қайраткерді мерейтойымен құттықтап, Елбасы мен Мемлекет басшысының жылы лебіздерін жеткізді.
Мемлекеттік хатшы сондай-ақ «Nomad Stunts» каскадерлік тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожиновты Дүниежүзілік каскадерлер академиясының беделді «Taurus» сыйлығымен марапатталуымен құттықтады. Бұл беделді халықаралық марапаттың Қазақстан каскадерлерінің жоғарғы шеберлігін мойындағаны ғана емес, қазақстандық мәдениет пен кино өнеріне қосқан зор үлесі екенін атап өтті.
Сәбит Оразбаев, Қазақстанның халық әртісі:
Қолымыздан келгенше халқымыз үшін жақсылық жасадық. Өнер саласында бейнелер жасадық. Театрға келді, солардың шапалағына ендік. Қуандық.
Елбасы стипендиясы еліміздің 75 мәдениет және өнер саласының қайраткерлеріне тағайындалды. Олардың арасында Ұлттық арна эфирінен көрсетіліп келе жатқан, көрерменнің көзайымына айналған «Нұр Тілеу» бағдарламасының жүргізушісі Нұртілеу Иманғалиұлы да бар. Ол телевизия саласында 40 жылдан аса уақыт тынымсыз еңбек етіп келе жатқан белгілі журналист.
Қуан Нұрақын