Алматыда бас санитар дәрігер жаңа шектеулер енгізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда бас санитар дәрігер жаңа шектеулер енгізді

28.01.2021

Алматыда карантин күшейтіледі. Бүгін қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігерінің санитарлық талаптарды қатаңдату туралы жаңа қаулысы шықты. Құжатқа сәйкес 1 ақпаннан бастап сауда-ойын-сауық орталықтары, базарлар мен мейрамхана, дәмханалардың жұмыс тәртібі өзгереді. Қаулыдағы соңғы жаңалықтарды тілшіміз Жазира Оразқызы тікелей эфирде баяндауға дайын.

Жазира Оразқызы, тілші:
- Алматыда бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин жаңа шектеулер енгізді. Енді 1 ақпаннан бастап сауда және ойын-сауық орталықтарының уақыты жұмыс күндері таңғы сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін шектеледі. Ал сенбі және жексенбі күндері мүлдем жұмыс істемейді. Осы орталықтардағы балалар ойын алаңдары, аттракцион мен батуттарға мүлдем тыйым салынды. Сондай-ақ мегаполистегі мәдени нысандар, оның ішінде театрлар мен кинотеатрларға көрермендердің келуіне рұқсат жоқ. Кеше ғана бас санитар қаңтарда ковидпен ауырғандар арасында кинотеатрлар мен театрларда жұқтырғандар бар екенін айтқан. Нысандардың жұмысының тоқтауына бұл да себеп болуы мүмкін. Ал қоғамдық тамақтану орындары, яғни, дәмхана, мейрамханалар кешкі сағат 20.00-ге дейін ғана ашық. Қаулыдағы тағы бір өзгеріс - енді коронавирусқа тапсырған ПТР тесті оң нәтиже көрсеткендер ауруханаға жатқызылады. Айта кетейін, Алматы қаласы коронавирустың таралуы бойынша «қызыл» аймақта. Өткен тәулікте 138 адамнан вирус анықталды.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу