Ақтөбе облысында күйі кеткен ауылды тұрғындар өз күштерімен көркейтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында күйі кеткен ауылды тұрғындар өз күштерімен көркейтіп жатыр

27.01.2021

Биыл елімізде Президент тапсырмасына сай 480 ауыл жаңартылады. Ал,Ақтөбе облысындағы Қосарал елді мекенінің азаматтары ешкімнің көмегін күтпей-ақ, күн санап күйі кетіп, жойылудың алдында тұрған туған ауылдарын өз күштерімен көркейтіп жатыр. Тіпті сырттан отбасылар көшіріп әкеліп, үй беріп, алдарына мал салып берген.

Байғанин ауданындағы бұл ауыл төрт түлік өсіріп жан бағып отыр. Кейнігі жылдары елді мекеннің күйі кетіп, сыртқа көшушілер көбейді. Дегенмен, ауыл азаматтары үлкен істі қолға алды. Жан-жаққа хабарлама таратып, осында көшіп келуге ниеттілердің жағдайын жасауға уәде берді. Қазірдің өзінде онға жуық отбасы келген. Дәуренбай Алашов тіпті Маңғыстау облысынан қоныс аударған.

Дәуренбай Алашов, ауыл тұрғыны:
-Көмектерін беріп жатыр осы ауылдың азаматтары. Жағдайымыз жақсы. Үй берді. 10-15 ұсақ мал берді. Шаштараз болып жұмыс істедім. Бұл жерде ауылда адамдардың шаштарын алып жатырмыз.

Ал Шайзада Дүңбаева Қандыағаш қаласынан көшіп келген. Ұлы мен келіні, 3 немересі жанында. Ауылға кеп, жанымыз жай тапты дейді. Осы жерде біржола тұрақтап қалмақ.

Шайзада Дүңбаева, ауыл тұрғыны:
-Азық-түліктерімізді, балаларымызға мектеп киімдерін алып берді. Барлығына рахмет айтамын.

Қосарал – малға жайлы, көкөніс өсіруге қолайлы жер. Ауылда өз кәсібімді ашамын деген адамға бар мүмкіндік қарастырылған.

Жұмабек Әбитов, Қарауылкелді ауылдық округінің әкімі:
-Көшіп келген азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында жұмыстар ұйымдастырып жатырмыз. Біріншіден кәсіпкерлік жағынан үйретіп жатырмыз, кәсіпкерлікпен айналысуға. Алдағы уақытта айналадағы өндірістік орындарға орналастыруды қарастырамыз.

Бірлігі бекем елді мекенде халық саны саны 200-ге жуықтады. Тұрғындар ауылдың тұрмысы жақсара түсеріне сенімді. Келесі жылы ауыз су берілмек. Одан кейін көгілдір отын да көп күттірмеуі тиіс.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу