Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында тұрғындар жолды өз күштерімен жөндеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында тұрғындар жолды өз күштерімен жөндеп жатыр

11.11.2022

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында ауыл тұрғындары өздері ақша жинап, батпақ жолға ескі асфальт қалдығын қолмен төсеп жатыр. Әкімдіктен техника сұрағанымен, көмек болмай тұр. Ал Ұзынкөл ауылында 7 айдан бері жөндеуге жабылған жол енді салынып бітпекші.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Мінекей, біз қазір Подстепный ауылындамыз. Мұнда көшеде жол жоқ болғандықтан, тұрғындар өздері ақша жинап, ескі асфальт қалдығын өз күштерімен төсеп жатыр. Ал техникамен көмектесуге әкімдіктен ешқандай қайыр жоқ, дейді.

Ауыл облыс орталығынан 10 шақырым жерде орналасса да, көшелері ми батпақ. Бұл жерге «жедел жәрдем» де келмейді. 40 шақты үйдің тұрғыны 25 мың теңгеден жинап, ескі тас-топырақ сатып алған. Қаламен іргелес ауылда 10 мыңнан астам адам тұрады.

Әлия Құспанқызы, тұрғын:

Зейнеткер анамын, аяқ ауырады, жүре алмаймын. Бір жұма болды, системаға бара алмай қиналамын. Такси шақырсақ келмейді.

Ерболат Нұрсұлтан, тұрғын:

Қыста қардан азап шегеміз. Көктемде балшықтан зардап шегеміз. Балдар бар сабаққа баратын, балшыққа батады, қиын. Бізге бір техника беріп жіберсе, соны жоғарыдағылар естісе. Басқа ештеңе сұрамаймыз. Өз қалтамыздан төсеп жатырмыз.

Ал, Ұзынкөл ауылында 5 шақырым кіреберіс жол 7 айдан бері салынып бітпей жатыр. Жауын-шашын күндері қатынас тоқтап, ауыл әкімі өз көлігімен тамақ тасып, аяғы ауыр әйелдерді қалаға жеткізген.

Есенгелді Заһарұлы, тұрғын:

Ауылдың 60-70%-ы қалада жұмыс істейді. Азық-түлік әкеле алмай жатыр. Нан келмей жатыр. Соны әкімнің өзі тасып жүр, тамақ әкеледі. Проблема ешқашан шешілмейді. Балшық, жер езіліп кетті.

Әу бастағы қателік - жобада айналма жол мүлдем қаралмаған. Соның кесірінен негізгі жол жөндеуге жабылғанда, тұрғындар жайын жолда батып қалды. Өңірде құрылыс материалы өндірілмейді, битум Ақтаудан, қиыршық тас Ақтөбеден әкелінеді.

Жанна Кенжина, мердігер:

Еліміз бойынша битум, щебень болмады. Вагондар да тапшы болды. Қазір жұмыс істелініп жатыр. Щебень, қиыршық тас төсеп жатырмыз, сосын асфальт төсейміз. Бір он күн ішінде жұмысты толық аяқтаймыз.

Биыл жергілікті жолдарды жөндеп, салуға қазынадан мол қаржы - 27 млрд теңге қаралған. Бірақ...

Айдар Менеев, облыстық Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

Көптеген себептерге байланысты бюджетке 3,2 млрд теңгені қайтарып отырмыз. Қазір 23,8 млрд теңгенің 17 миллиардын игеріп отырмыз. Ауа райының қолайсыздығына орай кейбір жұмысты ресми тоқтатып қойдық. Бүгінгі таңда 206 км асфальт салып отырмыз.

Ендігіде қарашада жол салып, жолаушыны жолда қалдырмас үшін қазірден бастап 19 жобаға конкурс жарияланған. Яғни мердігер жыл соңында анықталып, қыста материалын даярлап, жазда жұмысты бастап кетуі шарт. Жалпы облыстағы 5 мың шақырым жолдың тек 39 пайызы ғана талапқа сай.

Осы материал эфирге дайындалып жатқанда Теректі ауданы Подстепный ауылына әкімдік техника жіберіп, жолды төсеп, тегістеп бергенін хабарлады.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу