Түркістан облысы, Кентау қаласында көпбалалы аналар жылдар бойы баспаға қол жеткізе алмай жүр. Пәтер жалдаудан қажыған олар баспана кезегінің жылжымайтынына наразы. Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері Кентаудағы пәтер бағасы үш есе қымбаттаған. Сондықтан көпбалалы отбасылар баспана сатып алмақ түгілі күнкөрісіміз де қиындап кетті дейді.
Кентау қаласының тұрғыны Салтанат Дауырбаева бес бірдей перзентімен аядай ғана бір бөлмеде тұрады. Ас бөлмесі де жатын орын да, қыздарының сабақ істеп, ойнайтын жері де осы. Ал кең баспана жалдауға жағдай жоқ.
Салтанат Дауырбаева, Кентау қаласының тұрғыны:Үй жалдайық десек, мені көп баламен алмайды. Өйткені сіздің балаңыз көп дейді. Енді осының жалға алу ақысын қымбаттатып отырады. Бес мың, он мың теңге деп. Ұнамаса шық дейді.
Өткен жылы қалада кезекте тұрғандарға бірде бір пәтер берілмеген. Баспанасын күтіп шаршағандар қала әкімінен көмек сұрай келді. Көбі жалғызбасты және мүгедек бала бағып отырғандар.
Гулмира Юлдашева, Кентау қаласының тұрғыныСегіз балам бар. Кезекте тұрмыз. Сол кезекті артқа қарай жылжытады. Айқайлаймын, қайтып орныма жылыжытып қояды.
Баспанаға мұқтаж жандардың арыз-шағымын тыңдаған әкім орынбасарының сөзінше, қалада көпқабатты он үй салынған. Олардың жылу жүйелері газға жалғанғанмен, көгілдір отынның жоқтығынан әлі тапсырылмай тұр. Ал газдың нақты қашан берілетінін дөп басып айта алмады.
Арман Басаров, Кентау қаласы әкімінің орынбасары:Құбырларды тексеру барысында ақау пайда болып, қазіргі таңда мердігер тарапынан сол пайда болған ақауларды өз қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда қатаң бақылауға алып, жақын арада біз ол мәселені шешуге тырысамыз.
Айнұр Ақбаева, тілші:Кеншілер қаласында бүгінде төрт мыңнан аса адам пәтер кезегінде тұр. Дені көпбалалы отбасылар. Ал жаңадан салынған тұрғын үйлерге газ тартылмайынша әзір бірде-бір пәтер берілмейді.
Айнұр Ақбаева