1 млрд теңге: Оралдық бүлдіршінге әлемдегі ең қымбат дәрі қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 млрд теңге: Оралдық бүлдіршінге әлемдегі ең қымбат дәрі қажет

22.01.2021

Орал қаласында тұратын Эмир Шахмаровқа әлемдегі ең қымбат дәрі қажет. Бүлдіршін қазір 1 жас, 8 айда. Ауыр дертке шалдыққан нәрестеге алдағы үш айда екпе жасалмаса өмір бойына сал болып қалмақ. 

Көздері жәутеңдеген Эмир әлі жүре алмайды. Өздігінен еңбектеуі де қиын. Себебі ол арқа бұлшық еті атрофиясы дертіне шалдыққан. Ауру асқынбауы үшін үнемі қозғалыста болуы керек. Әйтпесе бұлшық еті семіп, қимыл-әрекеті бұзылады. Бір жылдан бері бауыр еті баласын ата-анасының апармаған жері жоқ. Соңғы үміті құны 1 млрд теңге тұратын шетелдік екпеде.

Сабина Дәулетқалиева, Эмирдің анасы:
Ол ең қымбат екпе саналады. Құны 2 млн 300 мың доллар. Тек АҚШ-та жасалады және сол елде егіледі. Біз сол дәріні ішкен балаларды көрдік. Олар аяқ-қолын қозғап, өз бетімен еңбектеп жүр. Пайдасы барына көзіміз жетті. Қазір соған қаржы жинап жатырмыз.

Қайырымды жандардың арқасында қазір 80 млн теңгеден артық ақша түскен. Қалған соманы жинауға небәрі үш ай қалды. Өйткені қымбат екпені Эмир екі жасқа дейін қабылдап үлгеруі керек. Ал әзірге дәрігерлер оған тек терапиялық көмек көрсете алады. 

Айнаш Ғұбайдуллина, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
Біздер 2021 жылдың 27 қаңтарында облыстық көпбейінді балалар ауруханасына реабилитациялық емге жатқызуды жоспарлап отырмыз. Кейіннен осы жылдың сәуір айында республикалық ұлттық балалалрды оңалту орталығында бала ем алуға жолданатын болады.

Көптің көмегі - көңілге медет. Кішкентайының сауығып кететініне үмітпен қарайтын Сәбина ана жүрегі ешқашан алдамайды дейді. 

Рауан Диәли


Хабарламаларға жазылу