Оңтүстік Кореяда жазасын өтеп жатқан 25 қазақстандық елге оралуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Кореяда жазасын өтеп жатқан 25 қазақстандық елге оралуы мүмкін

20.01.2021
Оңтүстік Кореяда жазасын өтеп жатқан 25 қазақстандық елге оралуы мүмкін

Қазақстанның 25 азаматы Оңтүстік Корея түрмелерінде жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов айтты.

Бүгін депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңның жобасын мақұлдады. 

Заңды таныстырған Марат Ахметжановтың айтуынша, Қазақстанда Оңтүстік Кореяның бір азаматы ғана жазасын өтеп жатыр. 

«Келісім ратификацияланған жағдайда сотталған азаматтарды елге қайтаруға мүмкіндік туады. Яғни, жазасының қалған бөлігін Қазақстанда өтей алады. Шарт бойынша олар Қазақстан азаматы  және олардың елге оралуына келісімі болуы тиіс. Қазір бізде 25 адамды қайтаруға толық мүмкіндік бар», - деді Ахметжанов.

Сонымен қатар, Бас прокурордың орынбасары Оңтүстік Кореяда Қазақстанның тағы 26 азаматы қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, алайда олар бойынша сот шешімдері әлі заңды күшіне енбегенін атап өтті.

Оңтүстік Корея

Хабарламаларға жазылу