Сириядағы 7 жасар қыз елге қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сириядағы 7 жасар қыз елге қайтарылды

14.04.2023

Сириядағы қазақстандық содырдың 7 жасар қызы елге қайтарылды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Люлю есімді бүлдіршіннің оралуы жайында 11 минуттық деректі фильм түсірген. Сирияда соғыс өршіп түрған тұста дүниеге келген баланың әкесі ДАИШ-тың қатарына өз еркімен қосылған. Ал анасы сәби бір жасқа толғанда жарылыстан қаза тапқан. Люлюдің әкесі екінші рет үйленіп, үш жыл бұрын Қазақстанға қашып келген. Қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр. Ал Сирия аумағында қалып қойған қызды Түркияның гуманитарлық дипломатия өкілдері құтқарыпты. Қызды елге қайтару үшін келіссөз жүргізу 6 айдай уақытқа созылған.

Еркебұлан Сәпиев, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:

Осы Түрік мемлекеттік органдарымен, оның ішінде ІІМ, көші-қон полициясымен бірге жұмыс істедік. Әрине, ол жұмыс оңай болған жоқ. Біздің бауырлас тараппен тиісті келіссөздер жүргізілді.

Қазір сәби Астанадағы балаларды қолдау орталығында. Психологиялық жай-күйі қанағаттанарлық. Медициналық тексеруден өтіп жатыр. Жақын арада туыстарымен табысады. Еске салайық, 2019 жылдан бастап террористік аймақтардан кәмелетке толмаған 518 бүлдіршін елге қайтарылған.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу