Елордада азық-түлік бағасы өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада азық-түлік бағасы өскен

19.01.2021

Жаңа жыл басталғалы Елордада азық-түлік бағасы өскен. Әсіресе, сұйық майдың құны шарықтап тұр. Тауық еті мен жұмыртқа да қымбаттап барады. 

Қазір ең үлкен базарлардың өзінде халық аз. Тауар алуға келген бірең-сараң адам да бағаның өскенін айтты.

Сәбила Мұхамбетова, қала тұрғыны:
Қымбат, пенсия қосқанмен азық-түлік бағасы да өседі. 

Марат Саламатұлы, қала тұрғыны:
Ең қымбаттағаны сұйық май.  Жұмыртқа қымбаттады. Мысалы қыстыгүні  25 теңге болса, қазір 43 теңге. 

Осы сұрақты сатушыларға қойған едік. Олар бағаны ауадан алмаймыз,-деді.

Байгелді Шамшиев, сатушы:
Фирма бізге қалай алып келеді, солай сатамыз. Фирмаға қараймыз. Өз қосатынымыз 50 теңге. Көп жерлерде тауықтардан ауру шығып фирмалар жабық тұр.

Дәл осы себептен болу керек, жұмыртқа ғана емес тауық еті де қымбаттаған.Соңғы екі-үш күнде қызанақ пен қияр, картоптың да құны өсіпті.

Сатушылар бізге тауарды жеткізушілер бағаны өсіріп жатыр,-дейді. Ал, оған тасымалдаушылардың да айтары бар.

Бекбол Рүстемов, тауар тасымалдаушы:
Қияр, қызанақ Ташкенттің жеткізу тауарлары. Доллар, курсқа қарайды бірінші бағамыз. Одан кейін кеден, салығымыз бар. 

Осылайша, бағаның өсуіне сан түрлі себеп айтылды. Ал, әкімдік өкілдері халыққа қажетті 19 тауарға шекті баға бекіттік,-дейді. Қияр мен қызанақ ол тізімге кірмейді. Тауық еті мен жұмыртқа әкімдік бекіткен шектен 15 пайыз ғана асыпты. Тек, сұйық май ғана шамадан тыс қымбаттаған. Оның себебін анықтау үшін комиссия құрылмақ.

Руслан Ыдырысов, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы сауда-саттықты дамыту бөлімінің жетекшісі:
Сұйық май осы бағадан 30 күн бойы төмендемесе ғана, біз шара қолданамыз. Әзірге мониторинг жасап жатырмыз. Басты себеп - бізде шемішке дефицит. Одан бөлек, май биржалық тауар түрі. Яғни, оның құнына биржадағы жағдайлар да әсер етеді. Біз кәсіпкерлермен, өндірушілермен ақылдасып қана 30 күннен кейін нақты шешім шығарамыз.

Яғни, сұйық майдың бағасы жақын арада арзандамайтын сияқты. Бірақ, қалған азық-түліктің құны мұнан артық қымбаттамауы тиіс. Өйткені, тұрақтандыру қорында халыққа қажетті азық-түлік қоры жеткілікті және олар сауда орталықтарына тікелей жеткізіледі,-дейді мамандар.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу