Елімізде өткен тәулікте COVID-19 коронавирусы 978 адамға жұққаны тестпен расталды. Мына аймақтарда көбірек: Павлодар облысында -135, Нұр-Сұлтанда – 128, Алматы қаласында -115.
Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталғандар саны 168 096. Ресми дерек бойынша қайтыс болғандар 2349. Тамыздан бері хатталатын пневмония бойынша ақпар 15-не берілді: 94 адам тіркелген. 4 адам қайтыс болған. Тамыздан бері жалпы тіркелгені 46 831. Ресми ақпар бойынша 538 адам қайтыс болған. Екі бөлек берілетін ресми деректерді қоссақ, коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны – 214 927. Жалпы, әр аймақтағы бас санитария дәрігерлері ахуал онша емес, Жаңа жылдан кейін инкубациялық кезеңді ескерсек, тіпті нашарлауы мүмкін дегенді айтып, шектеу шараларын күшейтетін қаулылар шығарып жатыр. Қазір «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Атырау, Қостанай және Павлодар облыстары.
Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдар мен кәсіпорындарға қызметкерлерінің кемінде 80 процентін қашықтан жұмыс істеуге көшіру туралы қаулы жарияланды. Сонымен бірге 18-нен 19-на қарайтын түні православ христиандары атап өтетін Крещения Господня мерекесіне байланысты өзен-көлдерге түсу үшін мұзды ойып қоятын орын дайындалмайды, ол рәсімге тыйым салынды. Алматы облысында да осындай талап қойылып отыр. Айта кететіні, соңғы жылдары ондай рәсімге православ еместер де көп баратын.
Коронавирустың Ұлыбританияда шыққан, жастар арасында тез тарайды деген болжам бар жаңа штаммына байланысты республикамыздың мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов елімізде тіркелмегенін, бірақ бұл бізге келмеуі мүмкін дегенді білдірмейтінін айтты. Оның үстіне тығылып думандату азаяр емес. Алматыда карантинге қарамастан, түн жарымына дейін тығылып жұмыс істейтін клубтарға айыппұл салынып-ақ жатыр.
Сағат түнгі 12-ден асып кетсе де, клуб іші лық толы. Мониторингтік топ тез арада даңғырлаған музыканы тоқтатып, жұртты тарқатты. Сақтық шараларын елемей, еш алаңсыз сауық-сайран құрған жастар бет-жүзін жасырып, камераға ілікпеуге тырысып жатыр. Соңғы 3 айда Алматыда 7 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан тексерілген. Кәсіпкерлерге 77 млн теңгеге айыппұл салынған. Қазір Алматыдағы эпидахуал күрделі. Күніне орташа есеппен коронавирус жұқтырған 100-дан аса адам тіркеледі. Олардың 35%-ы - 20 мен 39 жас аралығындағы азаматтар. Мамандар жастардың вирусты көбінесе түнгі клуб, мейрамхана, дәмхана секілді жабық ғимараттардан жұқтыратынын айтады.
Вакциналауға келсек, желтоқсанда хабарланғандай, ақпан айына жоспарланып отыр. Кеше БҰҰ Бас хатшысы А.Гуттириш әлемде коронавирустан 2 млн адамның көз жұмғанын хабарлады.