Бельгия астанасы Брюссельде жаппай тәртіпсіздік орын алды. 500 адам 23 жастағы Ибрагим Барридің өліміне қатысты әділдікті талап етіп шеру ұйымдастырған. Африкалық жігітті карантин ережелерін сақтамағаны үшін сенбі күні тәртіп сақшылары құрықтаған. Полиция учаскесінде есінен танып құлаған жігіт артынша ауруханада көз жұмған. «Бұған тәртіп сақшылары кінәлі» деп ұрандатқан шерушілер полиция учаскесін өртеп, көшедегі дүние-мүлікті қиратты. Наразылық білдірушілер сол аймақтан өтіп бара жатқан ел королі Филиптің кортежін таспен атқылап, шабуыл жасаған. Абырой болғанда патшаның денсаулығына еш нұқсан келген жоқ. Тәртіпсіздік кезінде 6 адам жарақат алып, 100 адам қамауға алынды. Бельгия билігі қақтығысқа және Ибрагим Барридің өліміне қатысты жан-жақты тергеу жүргізілетінін уәде етті.