Елімізде коронавирустың екінші толқыны күш ала бастады. Соңғы айда эпидахуал айтарлықтай нашарлаған. Қазақстан тәуекелі төмен «жасыл» аймақтан орташа қауіпті «сары» аймаққа ауысты. Бұл туралы Мемлекеттік бас санитар-дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді.
Елімізде осы айда коронавирус жұқтырғандар саны артқан. Мемлекеттік бас санитар бүгін осылай дабыл қақты. Әсіресе, аймақтарда жағдай күрделі. Мәселен, Атырауда індетке шалдыққандар саны 3,7 есеге өссе, Алматы облысында 1,8 есеге көбейген.
Ерлан Қиясов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, мемлекеттік бас санитарлық дәрігер:-«Сары» аймақтан «қызыл» аймаққа екі облыс Қостанай және Ақмола облыстары орташа қауіпті «сары» аймақтан «қызыл» аймаққа ауысты. Қазіргі таңда «сары» аймақта Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Атырау облыстары бар. Қалыптасқан эпидемиологияық жағдайды ескере отырып, карантиндік шараларды күшейтуді қарастырылуда.
Бүгінде індетке шалдыққандардың жалпы саны 164 мыңнан асты. Олардың 87 пайызы сауығып шыққан. Бірақ, әлі де ауруханаларда 5 732 науқас жатыр. Яғни, індетке қарсы дайындалған төсек-орынның 30 пайызы бос емес.
Ерлан Қиясов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, мемлекеттік бас санитарлық дәрігер:-Бүгінгі күні КВИ бойынша 5 миллионнан астам зерттеу жүргізілген. Күн сайын зертханаларда 40 мыңға дейін тест жасалады. Тәулігіне 100 мыңға жуық зерттеу жүргізе аламыз.
Вируспен күресті барынша күшейтіп жатқан мамандар отандық «QazCovid-in» вакцинасы да уақытша тіркеуге алынғанын айтты. Ал, Қарағандыда шығарылатын ресейлік «Спутник V» бойынша тәжірибелік партия әзірленген. Ол тексерістен өткізу үшін Ресейдегі зертханаға жіберілген.
Нұрлыбек Асылбеков, ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы:-Нормативтік құжаттарға сәйкес, оны бақылау бір айға созылады. Егер нәтиже оң болса, Қарағанды фармацевтикалық кешені вакцинаны шығара бастайды. Ал, жоспарланған кестеге сәйкес ақпан айының соңына қарай вакциналардың алғашқы партиясы дайын болуы тиіс.
Былтыр қыркүйекте Англияда анықталған коронавирустың жаңа штаммы бізде тіркелмеген. Бірақ, індетті зерттеу жалғасып жатыр. Өйткені, аталған вирус Аустралия, Дания, Италия, Исландия, Нидерланды және Ресейде жастар арасында белсенді таралуда. Ал, оның ауа тамшылары арқылы жұғатынын ескерсек, сақтық шараларын ұмытпау қажет,-дейді мамандар. Әсіресе, қонаққа бармау, қонақ шақырмау, жеке гигиена ережелері мен арақашық сақтау, маска тағу мен антисептик қолдану маңызды.
Амангелді Сейітхан