Сайлаудың алдын ала қорытындысы тағы өзгерді. Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауда саяси партиялар жинаған дауыстардың алдын ала қорытындысын жария етті.
Саяси аламанға 5 партия қатысты. Бәріне тең мүмкіндік берілді. Бір ай бойы үміткерлердің ұсыныстары мен бағдарламалары бәсекеге түсті. Халық олардың жоспарларымен жан-жақты танысып, шешуші кезеңде өз таңдауларын жасады. Сайлауға жұрттың бей-жай қарамағаны байқалды. Азаматтық белсенділік танытты. Өңірлердің таңдауы да әр түрлі.
Айталық, ҚХП-на Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облысы мен Нұр-сұлтан, Алматы қалаларының тұрғындары көптеп дауыс берген. Ал «Ауылды» Қызылорда, Маңғыстау, Шымкент пен алматылықтар көбірек демеген. «Ақжолдықтарды» Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар жұрты, «Адал» партиясын Алматы мен Атырау облысы және 3 мегаполис сайлаушылары қолдаса, ал «Нұр Отанға» елдің барлық өңірлері сенім артқан. Сонымен, қазіргі нәтиже бойынша 3 партия Мәжіліске өтті. Олар - Қазақстан халық партиясы, «Нұр Отан» және «Ақжол». Ал қалған «Адал» мен «Ауыл» партиясы тиісті 7 пайыздық көрсеткішке жете алмады.
Сәбила Мұстафина, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:-Осылайша, алдын ала нәтижелерге сәйкес сайлаушылар дауыстары былайша бөлінді: «Нұр Отан» партиясы 71,09%. «Ақ жол» 10,95 %, «Қазақстан Халық партиясы» 9,10 %, «Ауыл» 5,29 %, ADAL» 3,57 %.
Дегенмен, бұл нақты сан емес. Жер-жердегі уақыт айырмашылығы бар, санақ әлі де жүріп жатыр. Соңғы нәтиже аймақтық сайлау учаскелерінің қорытындысынан кейін белгілі болады.
Асима Нұрбайқызы