Ақмола облысында 3 млн гектар жер тиімсіз пайдаланылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 3 млн гектар жер тиімсіз пайдаланылған

08.01.2021

Ақмола облысында ауыл шаруашылығына арналған 3 миллион гектар жер тиімсіз пайдаланылған. Диқандар мен шаруалар егін егеміз, мал бағамыз деп алған алқаптарды дұрыс игере алмаған. Бұл олқылықтар ғарыштық бақылау арқылы анықталды.  

Игерілмей қалған 3 миллион гектар жердің 300 мыңы егістікке арналған, қалғаны жайылым. Алқаптарға мүлдем егін егілмеген. Ал мал бағуға бөлінген жерлер де тиімсіз пайдаланылуда. 

Рүстем Төкенов, облыстық Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
Жұмыс барысында бұл пайдаланбайтын жерлерге электрондық хабарламалар жіберіліп, бұл жұмыстың оң нәтижесін көріп жатырмыз. Бүгінгі күні, мысалы, 600 мың гектардай жерлер бүгінгі күні қайта айналымға кірісті. Қалған жерлер бойынша әрі қарай жұмыс жасалып жатыр.   

Сондай-ақ, Ақмола облысында 1 миллион 600 мың гектар жайылымдық жер тапшы. Мал ұстап отырған шаруалардан түскен өтініштер - осының дәлелі.  

Алмагүл Қадыралина, облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы:
2018 жылдан бері ауыл шаруашылық жерлерін мемлекет қажеттілігі үшін қайтарып алуға арқылы ауыл тұрғындарының малдарына арналған жайылымдық жерлер тапшылығын шешу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жайылым тапшылығы және пайдаланылмай жатқан жерлер бар. Алайда, біреуден алып, басқаға бере салатындай жағдай емес. Басқа ауданда немесе тым алыс болған жайттар көп.   

Жердің игерілуі ғарыштан бақыланып,ақпарат жинақталады. Әр жер телімі бойынша жеке сараптама жасалады. Пилоттық жоба Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында іске асырылуда. 

Айдос Кенжеғарин, «Ақпараттық есеп орталығы» АҚ Ақмола бөлімшесінің басшысы:
Спутниктік түсірілімдер арқылы егістіктерді өсімдік егілді ме, жоқ па? ол қалай өсіп жатыр соны көреміз. Ал жайылымдар бойынша шаруашылықтың мал саны мен жер ауданын есептеп қорытынды жасаймыз. Егер мал алқаптың 20 пайызынан да аз аумақта ғана жайылып жүрген болса, онда тиімсіз пайдаланылған болып есептеледі. 

Зерттеу нәтижесінде өңірде тиімсіз пайдаланылған 2 мыңнан астам жер учаскесі анықталған. Олардың 20 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды.

Ермек Елберген 

Хабарламаларға жазылу