Әлем елдерінде карантин күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем елдерінде карантин күшейді

08.01.2021

Украинада карантин шаралары күшейтілді. Жалпыұлттық карантин мен төтенше жағдай ақпанның 28-не дейін созылады. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері мұндай қатаң шектеулер азаматтардың әл-ауқатына кері әсерін тигізуі мүмкін деп отыр.

Енді Ұлыбританияға бару үшін жолаушылардың коронавирусқа тест тапсыруы міндетті. Ұшаққа тек нәтиже теріс болғанда ғана отыруға рұқсат. Бұған коронавирустың өршіп, мутацияланған инфекцияның жылдам таралуы себеп. Жаңа штамм 40-тан астам мемлекетте анқыталса, олардың 22-сі Еуропа елдері. 

Францияда коменданттық сағат режимі ұзартылды. Елде пандемияның үшінші толқыны басталып, талаптар күшейтіліп жатыр.

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:
Барлық шара, жұмыс орындары, нысандар осы айдың соңына дейін жұмыс істемейді. Музей, театр, кинотеатр, концерт залдары, спорт орталықтары үшін ешқандай жеңілдік берілмейді. Олар әлі бірнеше апта жабық болады.

Бразилияда коронавирустан қайтыс болғандар саны 200 мыңға жуықтады. Соңғы тәулікте 87 мыңнан астам адамнан ковид табылған. Халық карантин талаптарын елемейді. Елде жаппай екпе егу қаңтардың соңында басталады деп жоспарланып отыр.

Ал Испанияда ковидке шалдыққандар саны 2 миллионнан асты. Осылайша, бұл ел індет жұқтыру бойынша антирекордтық көрсеткішке жеткен Еуропадағы төртінші мемлекет атанып отыр. 

Мария Хосе Сиерра, Испания денсаулық сақтау министрлігінің өкілі:
Жалпы коронавирустан Испанияда 51 675 адам қайтыс болды. Желтоқсаннан бері науқастардың көбейгенін байқап отырмыз. Вакцинация ойдағыдай жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін 207 мыңнан астам адамға екпе жасалды.

Коронавирус қаупіне қарамастан, Куба туристер үшін шекарасын айқара ашты. Алайда саяхатшылардың бұл елге келгенге дейін 3 күн бұрын жасалған тест анықтамасы болуы керек.

Жансая Қапасқызы

коронавирус статистика

Хабарламаларға жазылу