Әлемнің кей елдерінде коронавирустың таралуы көктемдегі рекордтық көрсеткіштерден де асып түсті. Індетпен күресу мақсатында америкалық тағы вакцина қолданысқа берілді. Алайда, бірқатар мұсылман елдері препараттардың халал екені растауды талап етіп жатыр.
Өткен тәулікте Ұлыбританияда 1041 адам індеттен қайтыс болды. Бұл – сәуірден бергі рекордтық көрсеткіш. Елде екі күн қатарынан 60 мыңнан астам науқас тіркелуде.
Ал Словакия тұрғындары коронавирус жұқтырмағаны туралы анықтамасы болмаса, жұмысқа бара алмайды. Келесі дүйсенбіден күшіне енетін жаңа талап үш аптаға созылады. Бұған эпидахуалдың күрт ушығып, мутацияланған инфекцияның анықталуы себепші.
Милан Дубай, аурухана директоры:-Ауруханада науқастар өте көп. Мамандар тынымсыз жұмыс істеуде. Қатты шаршаған. Соңғы аптада індеттен үш қызметкер қайтыс болды. Сондықтан тест тапсыру аса маңызды.
Еуропада коронавирусқа қарсы америкалық «Модерна» вакцинасына рұқсат берілді. Препараттың тиімділігі 94,1 пайыз деп бағаланған. Өндірушілер оны инфекцияның британдық штамынан да қорғай алады деп отыр.
Ал Индонезияда келесі аптада қытайлық екпені жаппай егу науқаны басталады. Алайда елдегі мұсылмандар кеңесі оның халал екенін растауды сұрап отыр. 2018 жылы құрамында харам қоспасы болғаны үшін қызылшаға қарсы дәрілік затқа тыйым салынған еді. Десе де халықтың бір бөлігі препарат дінге қайшы болғанның өзінде, оны қолдануға дайын.
Дилиянто, жергілікті тұрғын:-Мен мұсылманмын. Бірақ бұл төтенше жағдай. Сондықтан вакцина халал болмаса да, оны қолдануға қарсы емеспін. Вирус адамдардың өмірін алғанша, екпе салдырған дұрыс.
Қытайдың Хэбэй провинциясында өткен күні 51 адамнан «ковид» анықталды. Бұдан бөлек 69 симптомсыз науқас тіркелген. Осыдан кейін жергілікті билік дабыл қағып, 10 миллион тұрғынды тестілеуден өткізуді бастады.
Жапония мамандары болса адамдарды маскамен де сәйкестендіріп, анықтай алатын жүйе ойлап тапты. Оның артықшылығы сол – ғимаратқа кірерде бетпердені шешудің қажеті болмайды. Қауіпсіздік мақсатында қолданылатын жүйе биыл 970 миллион доллардай табыс әкелуі мүмкін деген болжам бар.
Жансая Қапасқызы