Президент зейнетақының бір бөлігін алуды қарастыратын заңға қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент зейнетақының бір бөлігін алуды қарастыратын заңға қол қойды

04.01.2021

Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін шеше алады. Екі күн бұрын Мемлекет басшысы «Экономикалық өсуді қалпына келтіру туралы» заңға қол қойды. Құжатқа сай тұрғындар жас ерекшеліктеріне сай жинағының бір бөлігін алдын ала алып, өзінің немесе туысының баспана мәселесін шешуге, ипотекалық несиені жабуға және емделуге жұмсауға құқылы болады. Әрі қаражатты жеке компанияның басқаруына беруге мүмкіндік бар.  

Соңғы мәлімет бойынша 760 мыңдай азамат қордағы 2 трлн 400 млрд теңгені шешіп ала алады. Бастысы, шотта шекті сома қалуы шарт. Ол әр жастағы адам үшін әртүрлі. Алдын ала есептеулерге сай 20 жастағы салымшының «жеткілікті шегі» 1,72 млн теңге. 30 жаста болсаңыз салымыңыз -2,5 млн, 40 жаста – 3,4 млн, 50 жаста – 4,5 млн теңгеден асуы шарт. Осы сомадан қалғанын азаматтар қажеттіліктеріне жұмсай алады.  

Экономистер пікірінше, елдің басым бөлігі қаражатын баспана мәселесін шешуге жұмсайды. Салдарынан тұрғын үй нарығында баға шарықтауы мүмкін дейді олар. Алайда бұл уақытша тенденция. Өйткені қордағы қаржыны шешіп алу ұзақ мерзімді процесс, яғни ақшаны қалаған уақытта шешуге болады, асығыстық жасамау керек деп отыр экономист мамандар .

  Мақсат Халық, UIB бизнес мектебінің директоры, экономист:   
-Халқыма айтатын ең негізгі ойым: зейнетақы қорындағы қаражатты әрине жинақтаған дұрыс. Оны өсірсеңіз оның үстіндегі қаражатты қазір пайдалана алатыныңызға көзіміз жетіп отыр. Бірақ екінші мәселе зейнетақы қорындағы қаражатқа ғана сеніп қалуға болмайды. Сонымен қатар сақтандыру, өмірді сақтандыру қорына ақша бөліп, сол жақта да ақша жинасаңыз сіз кәрілікке жақсы жететіндей көлемде қаржы жинап үлгересіз.    

Ләйлә Дулатқызы  


Хабарламаларға жазылу