Шымкентте мозаикамен салынған өнер туындылары қиратылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте мозаикамен салынған өнер туындылары қиратылып жатыр

30.12.2020

Шымкентте кезінде тұрғын үйлердің қас бетіне мозаикамен салынған өнер туындылары бүлініп, шетінен қиратылып жатыр. Олардың бірқатарының беті қазіргі заманға лайық құрылыс материалдарымен қапталып кетті. Енді біразын мүлдем қырнап алып тастады. Өнер иелері бұл шаһардың сәулеттік тарихына жасалған қиянат деп есептейді.  

Ғани Қалмахан, тілші: 
-Кезінде шығармашылық тұрғыдан жоғары бағаланған еңбектің бірі мына мозайкалық полотно. «Жыл мезгілдері» деп аталатын өнер туындысын жасау үшін сонау Украинадан арнайы зертастар әкелінген. Өкініштісі, қала сәулетіне көрік берген өрнектер бүгінде шетінен кертіліп, бүліне бастаған.  

Бұл еңбектің авторы суретші монументалист Ұзақбай Көшкінбаев. Оның мұнан бөлек «Еңбек», «Дала әуендері» секілді туындылары да қала архитектурасымен үйлесім тапқан-ды. Екеуі де бұзылды. Тағы бір мозаикалық жұмысын қырнап алып, қазір бетін өзге материалмен қаптап жатыр.

Күлсия Тұрапбаева, монументалист Ұзақбай Көшкінбаевтың жары: 
-Қазір саябақ көп, аллея көп ашылып жатқан. Қаланың қақ ортасына жарқыратып қойып қойса өскелең ұрпақ көрмей ме? Нағыз қазақы нақышта, ұлттық дәстүріміз, салтымыз, әдет-ғұрып, тіпті мәдениеттің бәрі осының ішінде.  

Мозаикалық кескіндемелерден көшпенділер өнерінің дәстүрін байқауға болады. Шымкентте осындай 10-ға тарта өнер туындысы болған. Қазір содан қалғаны 2-3 ғана. Суретші қауым оларды сақтап, саяхатшылар қызықтайтын орынға айналдарса деген тілегін орындата алмай келеді.

Айнабек Оспанов, Суретшілер одағы филиалының басшысы: 
-Оның тарихи құндылығы да пайда болып қалды. Олардың қойылғанына 30-40 жылдан асып кетті. Екіншіден олар шығармалар, оны алып қалау керек.  

Алайда шаһар билігі архитектуралық еңбектерді сақтап қалуды қажет деп таппаған. Мәдени мұралар тізіміне алынбаған дегенді негіз етіп, оларды шетінен жойып жатыр.

Нұрлан Архабаев, Шымкент қаласы сәулет, жер қатынастары басқармасының басшысы: 
-Біз өзіміз айта алмаймыз мынау бағалы деп. Мамандардың келісімімен шығатын дүние ғой.  

Бұл мәселе сәулетшілерден құралған көркемдік кеңесте қаралап, екшелуі тиіс. Бірақ шаһарда мұндай шығармашалық ортаның өзі болмай тұр.

Ғани Қалмаханов 


Хабарламаларға жазылу