Әлемде коронавирустың таралуы күшейе түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирустың таралуы күшейе түсті

28.12.2020

Ұлыбританиядан бастау алған коронавирустың жаңа түрі жер жаһанға жылдам тарап барады. Оның алдын алу үшін шектеу шаралары енгізіліп, жаппай екпе егу науқандары жүргізіліп жатыр. Израиль болса үшінші рет локдаун жариялады.  

Израиль пандемия басталғалы үшінші рет оқшаулау режимін енгізді. Енді тұрғындарға үйден бір шақырым ұзап шығуға тыйым салынады. Шектеулер кемінде екі аптаға созылмақ. Мұнда «ковидке» шалдыққандар 400 мыңнан асқан.

Алон Шани, кәсіпкер: 
-Локдаунның қайта-қайта енгізілуінен көп шығынға баттық. Дүкендерді жабуға тура келді. Ендігі үмітіміз тек үкіметте. Кәсіпкерлерге көмек көрсетіледі деп сенемін. 

Ал Қарт құрлықта коронавирусқа қарсы жаппай екпе егу басталды. Еуропалық Одақтың хабарлауынша, вакцина 446 миллиондай адамға егілуі тиіс. Pfizer/BioNTech препараты ұйымға мүше 27 елдің барлығына жеткізілген.

Елена Берти, медицина қызметкері: 
-Қазіргі уақытта тек маска, дезинфекция құралдары және әлеуметтік қашықтық арқылы вируспен күресу жеткіліксіз. Халық жаппай вакцина қабылдағанда ғана, қалыпты өмірге орала аламыз. 

Ұлыбританиядан тараған коронавирустың жаңа штаммы Еуропаның бірнеше елімен қатар, Оңтүстік Корея, Жапония, Канада да анықталды. Осыған байланысты мемлекеттер шектеу шараларын тағы күшейтіп жатыр.

Жалпы дүниежүзінде коронавирус жұқтырғандар саны 81 миллионға жуықтап қалды. Олардың 45 миллиондайы дерттен айыққан. 1 миллион 766 мыңнан астам науқас көз жұмды. Қауіпті көштің алғашқы төрттігін АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей бастап тұр.

Жансая Қапасқызы


Хабарламаларға жазылу