Коронавирус пандемиясынан бөлек, өтіп бара жатқан жылда үлкен масштабта басқа да оқиғалар болды. Мысалы, ақпанның 7-нен 8-не қараған түні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы соңы 11 адамның өлімімен, жүздеген адамның жарақаттануымен аяқталған оқиға.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов отставкаға кетті, орнына Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев қызметінен алынды.
Осы айдың басында Қордай ауданының 4 ауылын қамтыған сол қақтығысқа байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша Таразда тағы бір сот процесі басталды. Іс бойынша Қаракемер, Қарасай батыр, Сортөбе және Масаншы ауылының 51 тұрғынына айып тағылған. Олар «Жаппай тәртіпсіздіктер», «Қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар сақтау, қолдану», сонымен бірге «Кісі өлтіру» сияқты баптар бойынша айыпталып отыр деген ақпарат бар.
Айта кетейік, қыркүйектің соңында Алматы гарнизонының әскери судьясы Қордай оқиғасына байланысты 7 адамды соттаған еді. Ұрлық жасады, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деп.
Сонымен қатар, Бас прокуратураның мәліметінше, наурыз бен тамыз айларының аралығында полицейге күш көрсеткен ағайынды Воингуй бір жарым жылға бас бостандығынан айырылған, Құдашбаевтар отбасына қоқаңдап, әкесінің денсаулығына орта деңгейлі залал келтірген әкелі-балалы Юнхудың бірі 2 жарым жылға сотталып, бірінің бостандығы шектелген. 54 бөтелке «Молотов» коктейлін дайындап, тасыған Вейсер деген 3 жылға бас бостандығынан айырылған.
Сонымен бірге бірінші мамырға қараған түні Өзбекстанның Сардоба су қоймасы жарылып, біздің Мақтаарал ауданының бірнеше ауылын топан су басты. Адамдар далада қалды, мал-мүлкінен айырылды.
Биліктің әрекетіне келсек, үйді өзіміз салып аламыз дегендерге ақшасын берді, қалған кісілерге мөлтек аудан тұрғызылды. Сапасына орай наразылар бар. Дегенмен апаттың төтенше жағдай кезінде болғанын, құрылыстың пандемия кезінде жүргенін, және бір маңызды деталь –қоғамның, еріктілердің қайырымды істерінің жүйелі болғанын ескерсек, бұл сынақтан жаман өтпеген сияқтымыз.
Бірақ тоқмейілсуге болмайды. Себебі былай: Сырдария - Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан, Қырғыз Республикасының аумағынан ағатын трансшекаралық өзен. Демек оны пайдалану тәртібі бар. Суды бөліп пайдалану туралы 1982 жылғы құжат Кеңес одағы құлағасын да жарамды деп танылған. Әр мемлекеттің қанша алатыны жыл сайын келісіледі. Яғни су қоймасы да басқалармен келісіп барып салынуы керек. Ал Сардоба су қоймасын салу бойынша ақылдаспақ тұрмақ, сұрақтарға өте мардымсыз жауап берілгенін сол күндері Экология, геология, табиғи ресурстар вице-министрі С.Громов айтқан еді.