Бекшин: Алматыдағы эпидахуал әлі күрделі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бекшин: Алматыдағы эпидахуал әлі күрделі

24.12.2020

Алматының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жаңа жыл қарсаңында көпшілікпен бірге өтетін барлық шараға тыйым салды. Яғни, 25 желтоқсаннан бастап 5 қаңтарға дейін мерекелік шаралар өткізуге рұқсат жоқ. Сондай-ақ аниматорларды, яғни аяз ата, ақшақар және басқа да жаңажылдық кейіпкерлерді сомдап, үй аралайтын агенттіктердің жұмысына шектеу қойылды. Қазір шаһардағы соңғы жағдайды Қуан Нұрақын тікелей байланысқа шығып айтады.  

Қуан Нұрақын, тілші: 
-Алматының бас санитар дәрігері карантинге қарамастан, жасырын жұмыс істейтін ойын-сауық нысандарымен енді басқаша тәсілмен күресетінін айтты. Енді мониторингтік топтың құрамына төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тартылмақ. Олар ескертуді елемеген түнгі клубтардың есігін арнайы құралдармен бұзып кіруге дейін барады. Қаулыға сәйкес сауда нысандары, оның ішінде ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы бір сағатқа, яғни түнгі 11-ге дейін ұзартылды. Ал, азық-түлік дүкендерінің тәулік бойы жұмыс істеуіне рұқсат берілді.   
Жандарбек Бекшин, қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері: 
-Азық-түлік сататын дүкендерді және супермаркеттердің уақытын біз тәулік бойы шектеген жоқпыз. Өздерінің маркетингтік жасаған жұмыстарының нәтижесінде қарап, салыстырып өздерінің режимі бойынша жұмыс жасайды. Сондықтан біз олардың жұмыстарын уақыт бойынша шектеген жоқпыз.  
Қуан Нұрақын, тілші: 
-Жандарбек Бекшиннің сөзінше, соңғы айда коронавирус жұқтырғандардың саны арта бастаған. Егер қараша айында 1400 тұрғыннан COVID-19 анықталса, желтоқсан айының басынан бұл көрсеткіш 1600-ден асып кеткен. Бұл індеттің өсу қарқынын байқатады. Сондай-ақ, шаһардағы кардиоорталықта ем қабылдап жатқан 22 науқас пен екі қызметкердің ПТР сынамасы оң нәтиже көрсеткен. Қазір медициналық мекемеге санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, вирус жұқтырғандар оқшауланды.   

Қуан Нұрақын 


Алматы эпидахуал

Хабарламаларға жазылу