Су үнемдеу мәселесі Үкіметте қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су үнемдеу мәселесі Үкіметте қаралды

22.12.2020

Алдағы 10 жылда су тапшылығы туындауы мүмкін. Оны болдырмау үшін суды мейлінше аз қажет ететін дақылдар егуге көшкен абзал. Жалпы суды көп ішетін күріш пен мақта секілді өнімдерді өндіруге бекітілген шекті мөлшер бар. Алайда бұл талап орындалмай келеді. Бүгін Үкімет вегетациялық кезеңде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін қарады.  

Күріш пен мақта егетіндер суды барынша үнемдеуді қолға алуы керек. Бірақ әкімдер бұл тапсырманы орындай алмай отыр. Меморандумға сәйкес Түркістан облысы биыл ақ алтын өндіру көлемін кемітуі тиіс еді. Керісінше егіс алқабы 16 мың гектарға артқан. Мұның себебін шаруалар бұған дейін де айтқан болатын.       

Бәкір Қозыбақов, «Тұран» шаруа қожалығының төрағасы:   
-Ол далбаса әңгіме меніңше, себебі біздің Мырзашөл өңірінде үшінші этап жер сорланып жатыр. Жылда осы мақта алқабын тазартып, сорын шайып тұрмаса, 130 мың гектар жер істен шығады.   

Қызылорда облысында да осы проблема. Күріш алқаптарының көлемі кемуі тиіс. Бірақ ол азаюдың орнына артып барады. Мәселен, биыл бұл дақыл 90 мың гектарды алып жатыр. Негізі бектілген шегі 75 мың гектар. Айта кету керек, Сыр өңірінде күріштің экологиялық және экономикалық маңызы зор. Сондықтан өсімін бірден тоқтату – қауіпті құбылыс.

Гүлшара Әбдіхалықова, Қызылорда облысының әкімі:  
-Егер аймақта күріш көлемі күрт төмендетілсе инженерлік тегістелген жерлердің екінші тұздауына әкеп соғатыны белгілі. Мұны ғалымдар дәлелдеп отыр. Сондықтан ауыспалы егіс тәртібін біз қатаң сақтап күріш дақылын кезең-кезеңмен 75-80 мың га тұрақтандырамыз. 

Яғни алдағы жылы күріштің егістік көлемін 85 мың гектарға дейін төмендету көзделіп отыр. Қысқарған 6 мың гектарына су аз шығындалатын дақыл түрлерін себуді көбейтпек. Мысалы, мал азығы, майлы және бақша дақылдары.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:  
-Ауыл шаруашылығы дақылдары егісінің болжамды құрылымында күріш сияқты суды көп қажет ететін дақылдар үлесінің 75 мың га дейін және мақта дақылдары үлесінің 100 мың га дейін азаюы күтілуде. Сондай-ақ, 2030 жылы егіс құрылымында масақты дәнді дақылдарды 50 мың га дейін азайту жоспарлануда. 

Ал аталған дақылдар алқабы азаймаса 10 жылда су тапшылығы 12 текше шақырымды құрауы мүмкін. Сондықтан Үкімет басшысы су үнемдеу үшін бекітілген егіс жоспарын қатаң ұстануды тапсырды. Суды тиімді пайдаланудың қосымша технологияларын енгізуге және суды есепке алуды цифрландырудың маңызына тоқталды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі: 
-Түркістан облысында іске асырылған магистралдық арнаны цифрландыру бойынша пилоттық жобаны су шаруашылығының барлығына тарату қажет. Сумен қамтамасыз ету төмендеп бара жатқанын ескеріп, су алудың қолданыстағы лимиті аясында су ресурстарының тиімді пайдалануды ұтымды пайдалану керек.   

Мәселені реттеу мақсатында су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Енді шаруаларды ылғал үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандырып жатыр. Яғни инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығынның 50%-ы инвестициялық субсидиялау негізінде мемлекеттен өтеледі.

Нысаналы Ығыл


Су үнемдеу мәселесі Үкімет

Хабарламаларға жазылу