Үкіметте ауылда тұрмыс деңгейін арттыру мәселесі қаралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкіметте ауылда тұрмыс деңгейін арттыру мәселесі қаралды

20.04.2021

Үкіметте ауылдық жерлердегі тұрмыс деңгейін арттыру мәселесі қаралды. Онда әр сала бойынша жауапты министрлер алдағы жоспарлармен бөлісті. Айтуларынша 2025 жылға дейін атқарылатын жұмыс көп. Бұл тұрғындардың тұрмысы мен табысын арттырады дейді.

Мәселен ауылдарда 27 мың шақырым жол салынып, 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Агроөнеркәсіп кешені саласында 845 жоба іске асырылып, 500 мың жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ тұрғындардың 100%-ы сапалы ауыз сумен, 60%-ы табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Әрі 700-ден астам мәдени нысан мен мыңнан астам аурухана жөндеуден өтпек. 5 мың мектеп жаңғыртылып, 300-ден астам жаңа білім ордасы бой көтереді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Бес жылдың ішінде 800 млрд теңге бөлінеді. Жол, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым жақсартылады. Бұл 7 млн ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік жасайды. Бұл жоспардың іске асырудағы басты мақсат – әр ауыл тұрғынының өмір сапасының жақсарту.

Жалпы, ауылдық елді мекендерді дамыту бойынша 5 жылға арналған нақты жоспар әзірленген. Оған сай биылдың өзінде «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында 105 млрд теңге бөлінді. Ол 1 млн 300 мың адам тұратын 480 ауылды жаңғыртуға мүмкіндік береді. Ал бес жылдың ішінде елді мекендерге бөлінетін қаржы көлемін 800 миллиард теңгеге жеткізу көзделген.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу