Қазақстанда 25 желтоқсаннан бастап шектеу шаралары күшейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда 25 желтоқсаннан бастап шектеу шаралары күшейтіледі

21.12.2020

Келер жылдың қаңтар-ақпанында тұмау вирусының таралуы аясында коронавирус жұқтыру деңгейі артуы мүмкін деген қауіп бар. Осыған орай елде 25 желтоқсаннан бастап 5 қаңтарға дейін шектеу шаралары күшейтіледі. Бұл туралы Ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды. Сондай ақ бұқаралық іс-шараларды оның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салынады. Эпидахуал тұрақталғанға дейін Теңіз кен орнында шектеу шаралары күшейтіледі. Ковидке қарсы дәрілік заттардың бағасын орта есеппен 24%-ға төмендету бойынша шаралар қабылданбақ. Сондай-ақ, оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын қашықтан оқитын болады.  

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Облыс әкімдері аймақтардағы эпидауалға байланысты шектеу шараларын уақытылы қабылдау қажет. Қоғамдық орындар, мектептерде дезинфекциялық жұмыстар үнемі жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, екпе егу пункттері даярлануы керек. 

Қазақстан үш мың еріктіге QazCovid-in отандық вакцинасын егуге кіріседі. Асқар Мамин Жамбыл облысындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына барды. Зерттеудің алдын ала нәтижелері вакцинаның жоғары қауіпсіздігін және тиімділігін 96% деңгейінде көрсетіп отыр. Отандық вакцинаны жаппай егу 2021 жылдың наурызында басталады. Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, сондай-ақ созылмалы ауруы бар адамдарға екпе жасалады.

Фариза Мұсақызы

коронавирус

Хабарламаларға жазылу