Ал әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 76 миллионан асты. Ұлыбританияда анықталған коронавирустың жаңа түрі күн санап өршіп барады, елде 4-ші деңгейлі локдаун жарияланды. Шектеулер күшейтілген. Сол себепті Лондон тұрғындары қаладан жаппай кетіп жатыр. Вирустың жаңа штаммы басқа елдерге де жетіп үлгерген. Дания, Нидерланды, Австралия мен Италияда оны жұқтырған 10 шақты адам тіркелді.
Осыдан кейін көптеген елдер Британиямен әуе рейстерін тоқтатып, теміржол қатынасына тыйым салып жатыр. Олардың ішінде Франция, Германия, Австрия, Балтық елдері, Швейцария мен Түркия бар. Вирустың аталған түрі жылдам таралып жатыр. Десе де, оның қаншалықты қауіпті екені әзірге белгісіз.
Ал АҚШ-та коронавирустан қайтыс болғандар саны 317 мыңнан асты. Елде індетке қарсы екінші вакцина ауруханаларға таратылып жатыр. Жыл соңына дейін 20 миллион адамға екпе егу жоспарланған. Сонымен қатар, Америка Конгрессі экономиканы жандандыру үшін азаматтарға тағы бір мәрте әлеуметтік көмек көрсетуді ұйғарды. Оған сәйкес, әр адамға 600 доллардан, жұмыссыз қалғандарға аптасына 300 доллардан төленбек.
Жансая Қапасқызы