Шымкентте 70 жастағы әжені зорламақ болған ер адамға іздеу жарияланды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға 17 желтоқсанда болған.
«Еңбекші аудандық полиция басқармасына сағат 23:15-те қарт әйелге көмек керек деген шақырту келіп түсті. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы үйдің кіреберісінде белгісіз біреу 1950 жылы туған әйелді зорламақшы болғанын анықтады. Сол күні аталған жайт ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі-120-бабы 1-бөлігі (зорлауға әрекет ету) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді», - делінген хабарламада.
Тергеу барысында полицейлер күдіктінің кім екенін (Шымкент тұрғыны болып шықты) және оның бұрын бірнеше рет істі болғанын анықтады.
«Күдіктіні ұстау үшін қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары басталды», - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.