Ертең «Абай» телехикаясы эфирге шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең «Абай» телехикаясы эфирге шығады

15.12.2020

Жылдың ең басты премьерасы: «Qazaqstan» ұлттық арнасының төл туындысы «Абай» және «Әл-Фариби» тарихи телехикаялары алдағы мерекелік демалыстарда эфирге шығады. «Абай» телехикаясының алғашқы бөлімдерін ертең 20:00-де көре аласыздар.  

Телехикаяның оқиға желісі Абай өмір сүрген кезеңді бейнелейді. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясындағы негізгі оқиғаларды арқау ете отырып, ақын өмір кешкен кезеңдегі қоғамдық тартыс, Абайдың адами болмыс-бітімі, кемеліне келген шақтағы саяси мәселелерге араласып, ұлтын береке-бірлікке шақырған тұстары түгелдей дерлік көрініс табады. Сериалдың сценариі «Қазақстан» телерадиокорпорациясының көркемдік кеңесі мен зиялы қауымның сүзгісінен өтті. Сценарий төңірегінде үлкен тартыстар болды. Кеңесші ретінде абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметтің пікірлеріне ұдайы жүгініп отырдық дейді шығармашылық топ. Телехикаяның бас редакторы белгілі қаламгер, журналист - Қайнар Олжай. Ал сценарий бойынша соңғы нүктені жазушы-драматург Дулат Исабеков қойған.  

Дулат Исабеков, жазушы, драматург:   
-Әр бөлімді, әр алты серияның бәрін қайта жаздырдым. Өйткені оның бәріне стильдік жағынан, композициялық жағынан Абайдың мінезін ашуымыз керек. Абайды пенде ретінде танысақ сол кезде қызық болады.   
Бауыржан Қаптағай, Құнанбай рөлін сомдаған актер: 
- Меккеге кететін жерлері, Қодарды өлтіретін жерлері соның бәрі қамтылды.  

6 бөлімді телехикаяны 16-17 желтоқсан күндері кешкі сегізде Ұлттық арна мен «Абай» арнасынан көре аласыздар. Ал 18-19 желтоқсан күндері «Әл-Фариби» телехикаясы эфирге жол тартады.

Амангелді Сейітхан


Ұлттық арна Абай телехикая

Хабарламаларға жазылу