Қарағанды жылу энергия орталығының қуаттылығы артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды жылу энергия орталығының қуаттылығы артады

14.12.2020

Қарағанды ЖЭО алдағы уақытта жаңа энергоблок құрылысын қолға алмақ. Қуаттылығы 110 мегаваттық энергетикалық нысан жыл санап үлкейіп келе жатқан қаланы жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Жыл сайын желтоқсанның үшінші жексенбісі энергетиктер күні ретінде аталып өтеді. 

Осыдан бес жыл бұрын қарапайым жұмысшы ретінде еңбек жолын бастаған Серік Әлімжанов қазір осындағы жаңа энергоблоктың турбинасын басқарады. Қалаға берілетін жылу мен электр қуатын ауа райына қарай бағамдап, бақылап отырады. 

Серік Әлімжанов, жылу энергия орталығының турбина машинисі:
Халыққа жылу беру, электр қуатын беру үлкен жұмыс. Сондықтан осы энергетик мамандығын таңдағам. Бұрынғыға қарағанда жұмыс жеңіл. Қазір техниканың дамыған заманы. 

Өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған ЖЭО соңғы бес жылда қарқынды дамыды. Мұнда ең ауқымды жоба 2016 жылы жүзеге асты. Қуаттылығы 110 мегаваттық қос турбиналы жаңа энергоблок іске қосылды. 

Василий Зиновьев, №3 жылу энергия орталығының директоры:
Осы энергоблокты іске қосқаннан кейін біздің орталықтың қуаттылығы 670 мегаваттқа дейін жетті. Бұл жаңа кәсіпорындар мен тұрғын үй құрылысы үшін аса қажет болатын. Алдағы уақытта тағы осындай жаңа энергоблокты салуды жоспарлап отырмыз. 

ЖЭО-да қазір 900 энергетик маман еңбек етуде. Олардың кеншілер өңірі тұрғындарын жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ету үшін атқарып жүрген еңбегі орасан. 

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу