Коллектор агенттіктерге жауапкершілік күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коллектор агенттіктерге жауапкершілік күшейеді

09.12.2020

Елімізде қарызды қайтарумен айналысатын коллекторларға талап күшейтіледі. Бүгін тиісті заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлданды. Тұтынушылық несие нарығындағы ахуалды реттеу үшін тиісті шаралар қабылданып жатқанмен, бұл салада түйткіл әлі де бар. Бүгінгі таңда 170 мың кәсіпкер және 810 мың жеке тұлға микроқаржы ұйымдарынан 735 млрд теңге несие алған. Жекелеген несиелер бойынша қарыз алушылардың 38 пайызы төлем мерзімін өткізіп алған. Дәлірек айтқанда бұл 300 мыңға жуық адам. Коллекторлық агенттіктердің жауапкершілігін арттыру үшін, депутаттар олардың жарғы капиталы кем дегенде 10 млн теңге болу керек деп ұсыныс жасап отыр.  

Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Коллектр агенттіктердің қызметін реттейтін заңнамаларды қайта қарау аса маңызды. Себебі олардың жұмысына қатысты шағымдар өте көп. Жарғы капиталының мөлшерін белгілеу – агенттіктің жауапкершілігн арттырады. Жаңа құжатты қабылдау - Президент тапсырмасын жүзеге асырудың бір тармағы. Және осы арқылы азаматтарымыздың қарызға белшеден батуына жол бермейміз.

Мәжіліс спикері коллекторлық агенттіктердің заң шеңберінде жұмыс істеу керектігін баса айтты. Ал жарғы капиталының ең төменгі мөлшерін қаржы нарығын реттеу агенттігіне қайта пысықтауды тапсырды. Өздеріңізге мәлім, Президент тапсырмасымен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін несие қарызын азайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілді. Еліміз бойынша 500 мыңға жуық борышкердің берешегі толықтай немесе жартылай жабылған.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу