Ресейде өткен тәулікте коронавирусты 26100-ге жуық адам жұқтырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде өткен тәулікте коронавирусты 26100-ге жуық адам жұқтырды

08.12.2020

Бүгін Ұлыбритания Батыста бірінші болып өз тұрғындарын вакциналауға кірісті. Ал, Ресейде тағы ондаған мың адам коронавирус жұқтырса, Құрама Штаттарда пандемия кесірінен миллиондаған америкалық ашығып, қайырымдылық корларынан көмек сұрауға мәжбүр.  

Ресейде өткен тәулікте коронавирусты 26100-ге жуық адам жұқтырып, 560-тан астамы қайтыс болды. Осылайша, Федерация аумағында «ковид» диагнозы қойылғандардың жалпы саны 2 жарым миллионнан асып отыр. Әсіресе Мәскеудегі ахуал қиын. Мұнда тәулігіне сан мың адам қауіпті инфекциядан науқастанады.  

Ольга, зейнеткер: 
-Бірдеңе істемесе болмайды. Барлық көңіл көтеру шаралары доғарылып, әркім үйінде отыруы керек. 

Ұлыбританияда 90 жастағы әйел әлемде бірінші болып, «Файзер» компаниясының коронавирусқа қарсы вакцинасын қабылдады. Маргарет Кеенанға екпе орталық Англияның «Ковентри» госпиталінде салынған. Осылайша, корольдікте бүгін халықты жаппай вакцинациялау науқаны басталып отыр. Ал, ерлер арасында тиімділігі 95 пайызға дәлелденген препаратты алғашқы болып қабылдаған азамат - 81 жастағы Уильям Шекспир.

Уильям Шекспир, Уорвикшир қаласының тұрғыны: 
-Меніңше, бұл - жаңа тәсіл. Ол қазірден бастап өмірімізді өзгертуі мүмкін. Бұл – жаңа дәуірдің бастамасы. 

Ал, АҚШ-та «ковид» кесірінен жұмыстан айырылған миллиондаған адам азық-түлік банктерінен тегін тамақ алу үшін ұзынсонар кезекте тұр. Қайырымдылық қорларының дерегінше, пандемия басталғалы осындай көмекке зәру америкалықтар қатары 60 пайызға өсіп, наурыздан бері 4 миллиард 200 миллион пакет тағам таратылған.

Айта кетсек, Құрама Штаттарда коронавирусты 14,7 миллион адам жұқтырып, одан 280 мыңнан астамы қайтыс болды.

Майк Райан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының атқарушы директоры:  
-Эпидемия АҚШ-та күшейіп, кең тарап келеді. Денсаулық сақтау жүйесі мықты, технологиялық мүмкіндігі зор Құрама Штаттарда осы вирустан минутына 1-2 адам өлетіні жан түршіктіреді.   

Пандемия Дүниежүзілік экономикалық форумға да әсер етпей қоймайды. Ол әдеттегідей қаңтарда Давоста емес, мамырдың 13-16-ы күндері Сингапурда өтеді. Өйткені, бұл қала-мемлекеттегі эпидемиялық ахуал өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіздеу болып тұр.

Арыстан Рысбек


Ресей коронавирус

Хабарламаларға жазылу