Түркістан облысының Абай ауылында белгісіз аурудан мал қырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының Абай ауылында белгісіз аурудан мал қырылып жатыр

07.12.2020

Соңғы бір айда 22 сиыр арам өлген. Әйтсе, де тексеру жүргізген мамандар малдың неден өлгенін дөп басып айта алмай отыр.    

Абай ауылының тұрғыны Елеусіз Батырхановтың жуырда ғана екі сиыры арам өлген. Ветеринар малдың қарасан ауруын жұқтырғанын растапты. Сөйтіп сиырларын сойғызбастан, шұңқырға тастаған.    

 Елеусіз Батырханов, Абай ауылының тұрғыны:   
- Ауыл бойынша болып тұр. Өз малыммен қоса көршілердікін қосқанда оншақты мал өлді. Ал ауыл бойынша жиырмадан асып кетті.    
Нұргүл Сұнақбаева, Абай ауылының тұрғыны:   
- Қарасаннан менің де бір бұзауым өлді. Дәріленбеді де, не үй-үйді көріп араламады. Тексеріп жатқан ешкім жоқ. Халық арасында сұрастырамыз да мысалы, соны қаладан алып келіп өзіміз салдырып жатырмыз.  

Мал дәрігерлері аурудың алдын алмады деп ашынады жергілікті жұрт. Тұрғындар қажетті дәріні қаладан алдыртса да, қорадағы малды аман алып қалмағанына ашулы. Ал, өлген малды арнайы жойып жатқан ешкім жоқ.

Айнұр Ақбаева, тілші:   
-Ауыл іргесінде арнайы Беккер шұңқыры жоқ. Сондықтан тұрғындар өлген малды елді мекен сыртына шығарып, өздері қазған шұңқырға өртеп жібереді. Күні кеше ғана мына жерге тағы бір малдың өлексесін тастаған. 

Бір қызығы, Кентаудағы ветеринарлар малдың қарасан емес, басқа жұқпалы аурудан өлгенін айтады. Ал, оның не ауру екені әлі анықталған жоқ. Десе де қарасанға қарсы вакцинаның егілмегенін де ашық мойындап отыр.

Нұрғали Шәкіров, Бабайқорған ауылдық округінің ветеринариялық бекет меңгерушісі: 
- Переплазмаға келеді. Сосын целлероз деген ауру бар. Үкімет берген дәрі жарты малға да жетпейді.  

Қарасан ауруы расталмағандықтан қалған малды жаппай тексерудің қажеті жоқ деп шешіпті мамандар. Алайда, тұрғындар бір айда 20-дан астам сиырдың қырылып қалуы жай нәрсе емес, жұқпалы індет дендесе жағдай ушығып кете ме деп алаңдайды.

Айнұр Ақбаева


Түркістан облысы Абай ауылы мал

Хабарламаларға жазылу