Елімізде өткен тәулікте COVID-19 коронавирусы 773 адамға жұққаны тестпен расталды. Ең көп науқас тағы да Шығыс Қазақстан облысында – 125 адам тіркелген. Мына облыстарда көбірек анықталды: Павлодар облысында – 110, Ақмола облысында - 83, Қостанай облысында – 78, Солтүстік Қазақстан облысында – 59, Алматыда - 71, Нұр-Сұлтанда – 69.
Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны ПТР-тестпен расталғандар саны 136 271. Ресми дерек бойынша қайтыс болғандар 2034. Жазда коронавирус белгісі бар пневмониядан өте көп адамның қайтыс болған еді, алайда ол кезде коронавирус белгісі бар пневмония бойынша есеп жүргізілген жоқ. Ал тамыздан бері хатталып келе жатқан пневмония бойынша өткен тәулікте 193 адам тіркелген. 4 адам қайтыс болған. Тамыздан бері жалпы тіркелгені 43 073. Ресми ақпар бойынша 454 адам қайтыс болған. Біздегі екі бөлек берілетін деректі қоссақ, елімізде ресми дерек бойынша коронавирусқа шалдыққандар саны – 179 344.
Бір айта кететіні, дәмхана, мейрамханалардың той немесе құдалық, басқа да думан өткізбеуін қадағалау барысында мобильді топтар таңдап тексереді, яғни бірінің жанынан өтіп кетеді, екіншісінің есігін бұзып кіреді деген жиі айтыла бастады. Мәжіліс депутаты А.Перуашев жалпы отырыста «мониторинг жасайтын топтар бизнеске террор жасап, арандатады» деп мәлімдеді. Себебі олардың кейбірі кәсіпкерлерден ақша бопсалап, кей өңірлерде лауазымды тұлғалардың туыстарына тиесілі дәмханаларды тексермейтін көрінеді. Перуашевтің айтуынша, өзі басқаратын «Ақ жол» партиясына шағымдану кәсіпкерлер көп және еліміздің әр өңірінен.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:-Кейбір топ жетекшілерінің 50 мың теңге көлемінде апталық тариф енгізіп, ақша жинағаны жайлы да деректер бар. Егер ірі қалалар мен облыс орталықтарында шамамен 2 мыңға жуық қоғамдық тамақтану орны мен басқа да қызмет көрсету нысандары бар екенін ескерсек, әрбір шаһарда тексерушілердің жемқорлық кірісі 100 миллион теңгеден асуы мүмкін.
Депутаттың айтуынша, мониторингтік топтар өздерінің әрекетін 144-баптың 6-бөлімімен жасырады, ал оған сәйкес эпидемия кезінде заң бұзушылық туралы мемлекеттік органнан алынған ақпарат бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізу құқығы берілген. Алайда тексеруді СЭС-тің өзі жүргізуі керек және прокуратурада тіркеу қажет.
Айта кететін жаңалық – Ресейдің коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын осы айда өндіруді бастап, келесі жылы оны халыққа жаппай егу жоспарлап отырғанын Президент әкімшілігі жұмада мәлімдеді.
-Қазақстанда Ресей вакцинасын өндіру 22-желтоқсанда басталады, екпе алдымен дәрігерлерге, педагогтарға және күш құрылымдарының қызметкерлеріне салынады, деген Премьер-Министр Асқар Мамин.
Ол Президентке осы айда отандық вакцинаның 2 млн дозасын өндіру басталатынын да айтқан. Ал сәрсенбіде Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев өзі басқаратын облыс аумағында коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны шығаратын зауыт салынып жатқанын хабарлаған. 7 млрд теңгеге бағаланған зауыт алдағы жылы наурыз айында вакцина шығара бастайды. Дегенмен қазақстандық вакцинаны егуге байланысты биліктің шешімі әлі жарияланған жоқ.
Жайна Сламбек