Бірқатар лауазымды тұлғалар күдікке ілінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірқатар лауазымды тұлғалар күдікке ілінді

27.11.2020

Энергетика министрлігі мен бірқатар облыс әкімдігінің лауазымды тұлғалары газ бөлу кезінде қызмет бабын пайдаланды деген күдікке ілінді. Олар былтырдан бері көгілдір отынның көлемін заңсыз арттырып отырған. Мәселен, Маңғыстау облысына тиесілі құны 252 млн теңгенің газын Қарағанды аймағына жұмсаған. Тұтынушыға жеткенше баға 3 есе қымбаттаған. Күдіктілер үнемі пара алып отырған. Қазір 2 адам қамалды. Тергеу жүріп жатыр. 

Шыңғыс Қабдула, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің жетекшісі: 
-Осының салдарынан Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына құны 1,5 млрд теңге болатын сұйытылған газ жетпей қалған. Күдіктілердің бірі -Премьер-Министр кеңсесінде жұмыс істейді.

Осыған қатысты Үкіметтің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Аталған қызметкер жұмысқа биыл наурызда қабылданған. Оған дейін Ақтау қаласының әкімдігінде істеген. Тергеліп жатқан іс сол кезде болған. Сонымен қатар елордада 3 мыңнан астам жүргізуші куәлігін сатқандарға қатысты тергеу жалғасуда. Заңсыз әрекетпен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағылар айналысқан. Ал «Сергек» камераларының базасынан деректерді өшіріп отырған жедел басқару орталығының лауазымды тұлғасына қатысты іс сотқа жіберілді. Ол айыппұл сомасы 3 млн теңгеден асатын 268 әкімшілік құқық бұзушылықты бейнежазбадан алып тастаған. 

Дарын Сағитов

лауазымды тұлға Энергетика министрлігі көгілдір отын газ

Хабарламаларға жазылу