Ақтөбеде мұғалімдерге сес көрсеткен ата-анаға 68 мың теңге айыппұл салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде мұғалімдерге сес көрсеткен ата-анаға 68 мың теңге айыппұл салынды

26.11.2020

Ата-ана мұғалімдерге қоқан-лоқы көрсеткен. Ақтөбе тұрғыны баласына бестік баға қоймағаны үшін 5 бірдей мұғалімді балағаттап, сес көрсеткен. Дәл осындай шағыммен Жамбыл облысының педагогы да арызданған. Нәтижесінде,тұрғынға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. 

Әдептен асқан тұрғынның баласы Мұхтар Арын атындағы мектепте оқиды. Онлайн сабақты кезеңаралық бағалау барысында оқушы үш алып қалған. Оған шамданған ата-ана WhatsApp желісі арқылы мұғалімдерді балағаттаған. 

Мерейбек Ідіріс, математика пәнінің мұғалімі:
-Біздерге балағаттау сөздерін айтқан болатын. Ата-ананы мектепке шақырып, барлық жұмысты, бағаны көрсеттік. Комиссия құрылды. Қазір тек оқушының өзімен байланысып отырмыз, ата-анасы жазбайды.

Ашулы ата-ана тіпті мектеп директорының өзіне қарсылық көрсеткен. Мектеп ұжымы білім сапасын бақылау департаментіне арызданған. Нәтижесінде тұрғынға 68 мың теңге айыппұл салынды.  

Бұлбұл Күзембаева, облыстық білім сапасын бақылау департаментінің басшысы: 
-Егер осы бағаны қоймаған жағдайда бұл мектепте жұмыс істей алмайсыңдар деген қорқыту әңгімелерін айту. Осындай фактілер орын алған. Біз шағым келіп түскеннен кейін оны зерттеп, берілген материал негізінде бұл фактілер дәлелденді.

Мамандар мұғалім мәртебесі басшылық тарапынан да ескерусіз қалып жатады, дейді. Мәселен, Ырғыз ауданында мектеп директоры заңсыз түрде мұғалімдерді ішкі жөндеу жұмыстарына жұмсаған. Нәтижесінде, басшыға ескерту берілді.

Жақсыбек Кемал, тілші: 
Білім сапасын бақылау департаментіне жыл басынан бері мұғалімдерден 80-нен аса шағым түскен. Алайда оның көбі анонимді болғандықтан нақты тексеріс жүргізу мүмкін емес дейді мамандар. 

Жақсыбек Кемал

Ақтөбе мұғалім ата-ана айыппұл

Хабарламаларға жазылу