«Nur Otan» соңғы 5 жылдағы жұмыс қорытындысын шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Nur Otan» соңғы 5 жылдағы жұмыс қорытындысын шығарды

23.11.2020

«Nur Otan» уақыт талабына сай әлі де өзгеріп отырады. Бұл көшбасшылықты сақтап қалу және халықтың мүддесі үшін жұмыс істеу үшін аса маңызды. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек XX съезд қарсаңында «Nur Otan» саяси кеңесінің отырысы кезінде осылай деді. Сондай-ақ, «Нұротандықтар» соңғы 5 жылдағы қызметінің қорытындысын шығарды. 

«Nur Otan» елімізде бірінші болып «Электронды партия» жобасын қолға алды. Қоғамдық онлайн-қабылдау бөлмесі, веб-портал, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы халықпен тығыз байланыс орнатылған. Әсіресе пандемия кезінде онлайн қабылдаулардың маңызы артып, 339 мың өтініш электронды түрде қабылданған.

Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
-5 жыл ішінде партияға шамамен 1,2 млн адам жүгінді, оның 30%-і өтініштерін онлайн жолдады. Мәселелердің 92%-і бойынша оң шешім қабылданды. «Нұротандық» депутаттар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары 180 мыңға жуық қабылдау өткізіп, 340 мыңнан астам азаматты қабылдады. Өтініштердің 72%-і оң шешімін тапты.

Елбасы, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры 2,2 милионнан астам адамға, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы 2 мыңнан астам медицина қызметкеріне материалдық көмек көрсетті. Қиын кезеңде бірінші кезектегі қажет тауарлар мен бетперделер тегін таратылды. Партияның әлеуметтік жобалары да аз уақыт ішінде жақсы нәтижелер көрсетіп үлгерді. Ардагерлерді ардақтайық, Бақытты отбасы, Кедергісіз келешек, Жастар – Отанға сынды бастамалар мыңдаған қазақстандықтың түйткілді мәселелерін шешуге сеп болды. Жақында өткен Партия ішілік сайлау да елдің саяси өміріндегі елеулі оқиға болды. 

Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары: 
-Елбасы, партия төрағасының тапсырмасымен алғаш рет өткен республикалық партия ішілік сайлау, праймериз партияны қайта жандандырудың қорытынды кезеңі болды. «Nur Otan» партиясының праймеризі Қазақстан үшін елеулі оқиғаға айналып, мықты лидерлер мықты партия формуласын іске асырды. 
Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
-Үміткерлерге дауыс беруге 700 мыңға жуық «Nur Otan» партиясының мүшесі қатысқаны баршамызды қуантады. Мұның бәрі Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен жүзеге асты. «Nur Otan» партиясы нағыз халықтық екенін дәлелдеді. 

Праймеризге қатысушылар болашақта бар күш-жігерімізді халық алдында берген уәдеміз бен партияның жоспарын жүзеге асыруға жұмсаймыз деп отыр.

Ирина Чидунчи, «Nur Otan» партиясының мүшесі: 
-Барлық павлодарлық әйелдер атынан Елбасымызға ауқымды жобаға қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіріп, елдегі болып жатқан өзгерістерден сырт қалмайтынымызға, Қазақстанды бірге өркендету үшін барлық күш-жігерімізді жұмсайтынымызға сендіргім келеді.

«Партия қатарын тазарту» аясында Жарғы мен Этика кодексін сақтамағаны, партиямен байланысты жоғалтқаны үшін 240 мыңнан астам адам, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін 610 адам партиядан шығарылды. Саяси кеңес отырысының қорытындысы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Үкіметтің есебі алдын ала мақұлданды, партияның Жарғысы мен Саяси доктринасына енгізілетін өзгерістер қаралды. 

Оңғар Алпысбайұлы

Nur Otan Бауыржан Байбек партия

Хабарламаларға жазылу