Қызылордадағы шыны зауыты келер жылы іске қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордадағы шыны зауыты келер жылы іске қосылады

23.11.2020

Қызылорда облысындағы шыны зауыты келер жылы толығымен іске қосылатын болды. Бұл туралы аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мәлімдеді. Көптен күткен ірі жоба жүзеге асқаннан кейін өндіріс орны жанынан қосымша іліспе 8 зауыт ашу жоспарда бар. Нәтижесінде қазақстандықтар отандық айна мен шыны ыдыстарға қол жеткізеді. Бұдан бөлек, сыр өңірінің кәсіпкерлері түйе сүтінен ұнтақ жасайтын және жүн өңдейтін фабрика ашуды көздеп отыр.

Шыны зауыты құрылысының 70 пайызы қазір аяқталған. Қажетті құрал-жабдықтар орнатылып жатыр. Тек балқыту ваннасы мен күйдіру пешін салу жұмыстары қалды. Олар салынып біткеннен кейін зауыт келер жылы іске қосылмақшы. Сонымен қатар, өндріс нысаны жанынан ілеспе 8 зауыт ашу да жоспарда бар. Оның үшеуі бойынша кәсіпкерлермен келісім бар.

Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:
Ол шыны тара жасатын зауыт. Айна жасайтын зауыт. Және шыны талшықтарын жасайтын зауыт. Мұның барлығы елімізге керек. Жылына 1 млн долларға шыны келеді екен, енді оның барлығы елімізде қалатын болады.

Сыр өңірінде түйе экспорты да жөнге қойылған. Тек пандемияға байланысты бұл жұмыстар биыл кідіріп қалды. Мысалы, былтыр Сауд Арабия, Бірікен араб Әмірліктері мен Өзбекстанға 600 түйе сатылған. «Дегенмен Ойсылқара төлінің санын арттыру мен өнімін тиімді пайдалану жұмыстары әлі де ширатын болады», - дейді облыс әкімі. Мәселен, Аралда түйе сүтінен ұнтақ жасайтын зауыт ашылса, жүн өңдейтін фабрика да іске қосылады.

Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:
Біздің кәсіпкерлер түйе жүнін өңдеу және көрпе тігу фабрикасын ашатын жобаны қолға алды. Бізде жылына 100 тонна түйе жүні сыртқа кетеді екен. Ал өңделетін болса, оның бағасы 4 есе жоғары болады.

Гүлшара Әбіқалықованың айтуынша, халықты баспанамен қамту бойыша жұмыстар жалғасын табады. Мәселен, Байқоңыр қаласында Қазақстан азаматтары үшін келер жылы 50 пәтерлі 5 үйдің құрылысы басталады. Сонымен қатар, аймақта биыл 1300 адамға жер телімі берілген. Облыста пандемиялық ахуал тұрақты. Қазір 3200 орынға арналған 21 емхана науқастарды қабылдауға дайын. 4 мыңға жуық маман резервте тұр. Сонымен қатар, 2 айға жететін дәрі қоры бар. Айта кетерлігі, пандемия кезінде облыста 54 мыңнан астам кәсіпкерге салықтық жеңілдік жасалды. 

Дарын Сағитов

Қызылорда облысы Шыны зауыты

Хабарламаларға жазылу