Түркия Қытайдан 20 млн дана коронавирус вакцинасын сатып алмақ. Тиісті келісімге жақын арада қол қойылады. Бұған дейін Түркия бұл вакцинаны медицина қызметкерлеріне салып, сынақтан өткізген еді. Нәтижесі сәтті болған соң осы қытайлық вакцинаны алу туралы шешім қабылданған. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қазір вакцинаны қарапайым адамдар арасында сынақтан өткізу үшін 18 бен 59 жас аралығындағы еріктілер іздестіріліп жатыр. Барлығы 12450 адамға коронавирус вакцинасын сынау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Түркияның отандық вакцинасы да қазір лабораторияларда сынақтан өткізіліп жатыр.
Фахреттин Қожа, Түркияның денсаулық сақтау министрі:Өзіміздің отандық вакцинаны сәуір айында жаппай қолдануға енгіземіз деп отырмыз. Қазір 44 еріктіге вакцина егіліп, сынақтан өткізіліп жатыр. Ал ол дайын болғанға дейін желтоқсаннан бастап осы Қытайда жасалған вакцинаны қолдана бастаймыз. Әлемнің бірнеше елінде өндірілген вакциналар арасынан, ең тиімдісі ретінде осыны таңдап алдық.
Айдос Әшім