Шығыс Қазақстандағы шаруалардан субсидияны қайтаруды сұрап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстандағы шаруалардан субсидияны қайтаруды сұрап жатыр

18.11.2020

Шығыс Қазақстандағы шаруалар субсидияны қайтаруға міндеттелген. Олар қыстақтарында күн панельдерін орнату үшін мемлекеттен демеу қаржы алған болатын. Алайда ауыл шаруашылығы басқармасы қожалықтарға хат жолдап, артық берілген ақшаны қайтаруды талап еткен.  

Демеу қаржының бір бөлігін қайтару қажет деген хат таяуда қожалық иесі Сағындық Сапаровқа да келді. Ол таулы жерде орналасқан қыстағында күн панельдерін орнатып, 2 920 000 теңге инвестициялық субсидия алған.

Сағындық Сапаров, шаруа қожалығының жетекшісі: 
-480 мың теңге артық кетіп қалыпты дейді. Келісімшартта 3 мөр басылған, осылай қол қойып өздері берген. Енді осыны қайта бұзып жатыр. Осы дұрыс па?  

Осы қыстақта отырғанына 45 жыл болған Сапаровтар отбасы күн панельдерін орнатуға кеткен шығынының 80 пайызын мемлекет өтеп бергенде қуанышынде шек болмады. Алғаш рет субсидия алған шаруаға бұл үлкен көмек еді.

Төлеу Кәдірова, Құмкөл ауылының тұрғыны: 
-Бірақ енді мынан қайтадан қайтарыңдар дегені ішке қонбайды. Дұрыс емес, біз енді оны қалай қайтарамыз. Оны енді жоғары жақтан, облыстық ауыл шаруашылығы дұрыс есептемей бергеніне біз кінәлі емеспіз.  

Субсидияны қайтару туралы хат барлығы 13 қожалыққа жолданған. Жалпы, осы демеу қаржы төлеу кезінде де біраз қиындық туған. Субсидия беру ережелері өзгеріп, ақыры іске прокуратура араласқан ғана шаруалар ақшаны алды.

Ербол Қуанышев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: 
-Бірақ осы жолы ревизиялық комиссия тексерген кезде мыналарыңыз заңсыз деп, неге 2018 жылдың ережесімен 2019 төледіңдер деп, артық ақшаны Үкіметке қайтарсын деген шешім беріп отыр.  

Күн панельдерін Шығыстағы шаруалардың қолдана бастағанына 2 жыл ғана. Қожалықтарға инвестициялық субсидия ретінде барлығы 5 миллиард теңгеден астам қаржы берілген.

Осы салаға жауапты лауазымды тұлғалар жыл басында ұнның ішіне жасырып 35 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Қылмыстық іс әлі тергеліп жатыр.

Берік Көшербай


Шығыс Қазақстан шаруа субсидия

Хабарламаларға жазылу