Ақтөбе облысының Болгарка ауылына көгілдір отын келді. Ауылға газ желісін тартып, оны үйлерге дейін қосу жұмыстары бар болғаны бес апта ішінде аяқталған. Мамандар бұл рекордтық мерзім екенін айтады.
Ауыл тұрғындары үшін бүгін ерекше қуаныш. Олар көптен күткен көгілдір отынның игілігін көре бастады. Әсіресе, әйелдер көп қиындықтан құтылғанына сене алар емес
Марина Маринова, Болгарка ауылының тұрғыны:-150 мың ақша кететін еді. Кәдімгі тезекті жақтық, қара көмірді жақтық. Енді қазір қиындықтан құтылып тұрмыз. Бізде өте үлкен қуаныш.
Газ желісі бұл ауылға 20 шақырым жердегі Еңбек елді мекенінен тартылған. Жоба құны 235 миллион теңге.
Әсет Әбіләшев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Ақтөбе филиалы директорының орынбасары:-Қосылу жұмыстары әрі қарай жалғасады. Газ тарату желілеріне құрылыс-монтаж жүргізіледі. 56 келісім бар қазіргі таңда. Соның ішінде 40 үйге құрылыс-монтаж жұмыстары бітті.
Көгілдір отын игілігін қазірдің өзінде онға жуық үй көріп отыр. Басқаларына да жуық арада жеткізілетін болады. Аз уақыт ішінде барлық жұмысты сапалы атқарып шыққан «ҚазТрансГаз Аймақ» өкілдері енді газды қауіпсіз пайдалану сұрақтарына баса назар аудару керектігін айтып, тұрғындарға ескертпе парақшаларын таратып шықты.
Оңдасын Оразалин, облыс әкімі:-Мердігерлерге, азаматтарға шын жүректен рахмет айтқым келіп отыр. Мына көгілдір отын өздеріңе келіп, тұрмыстық жағдайды шамалы да болса жеңілдетіп, табыс табуға мүмкіндік жасайтынына құтты болсын деп айтқым келіп отыр.
Болгарка ауылы үлкен жолдың бойында, су жағасында орналасқан. Яғни, болашағы бар ауыл. Қазірдің өзінде бұрын көшіп кеткен тұрғындардың кейбірі туған жерлеріне қайта оралып жатыр.
Жақсыбек Кемал