Шығыс Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтуде

12.11.2020

«Азаматтық қоғам мен мемлекет: серіктестік пен дамуына 30 жыл». Шығыс Қазақстанда осындай атаумен үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтіп жатыр. Шараның басты мақсаты – азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік органдардың арасындағы байланысты одан ары нығайту, жұмыс барысында кездесетін түрлі мәселені бірлесіп шешу.

Бүгінде Шығыс Қазақстанда 1500 коммерциялық емес ұйым мен қоғамдық қор тіркелген. 200-ден астамы белсенді жұмыс істейді. Олар екі жыл сайын бас қосып, қоғам үшін өзекті тақырыптарды бірлесіп талқылайды. Биылғы форум онлайн түрде өтіп жатыр.

Аяужан Әшімова «Ұлағат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: 
-Қоғамдық бақылау туралы заң мәселесін көтеріп жатырмыз. Сондай-ақ, азаматтардың жергілікті деңгейде шешім қабылдауға қатысу мәселесін де көтеріп, қандай осал тұстары, қандай оңтайлы тұстары бар, Шығыс Қазақстан бойынша осы сала бойынша неге қол жеткізгеніміз туралы айтып жатырмыз.  

Үкіметтік емес ұйымдар халық пен билік арасындағы алтын көпір. Бұл құрылымдар еліміздегі көптеген күрделі мәселелерге белсене араласып, түрлі салада қызмет атқарып келеді. Мысалы, Шығыс Қазақстанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша арнайы жоба әзірленген.

Жадыра Мұратқызы, «Тринта» жеке қорының жобалар менеджері: 
-Сол кезде біздің мемлекетімізде тепе-теңдік орнатылады деп ойлаймыз. Мемлекет те естиді, халқымыз да дұрыс сөйлей алады. Ол үшін біз осы жобада неше түрлі әдістемелік құралдар дайындадық, семинар, практикум өткіздік.  

Шығыс Қазақстан әрқашан қоғамдық бастамаларды іске асыру жөнінен - көш басында. Еліміздегі ең бірінше қоғамдық ұйым осы аймақта құрылған. Бүгінде өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен түрлі салаларды қамтитын барлығы 81 жоба жүзеге асырылуда.

Берік Көшербай 


Шығыс Қазақстан үкіметтік емес ұйым форум

Хабарламаларға жазылу