Шығыс Қазақстанда шектеу шаралары 25-ші қарашаға дейін ұзартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда шектеу шаралары 25-ші қарашаға дейін ұзартылды

12.11.2020

Қостанайда такси жүргізушілері мен жолаушылар маска тағуға міндеттелді. Облыстың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сай азық-түлік сататын орындардың жұмысы таңғы 8:00-ден кешкі 21:00-ге қысқартылды. Ал шаштараз, сән салондары алдын ала кезекке жазылғандарға таңғы 8:00-ден кешкі 19:00-ге дейін қызмет көрсетуі тиіс. Облыстың шекарасы бойына санитарлық бекеттер қойылып, өңірге келу-кету шектелді. Ал шетелден келушілерге ПТР сынамасының нәтижесі болса ғана өтуге рұқсат. Сонымен бірге бірнеше бағытта темір жол арқылы жолаушылар тасымалы тоқтады. Шымкент қаласымен әуе қатынасы келер жылдың 21 наурызына дейін жабылды. 

Владимир Нечитайло, Қостанай облысының бас санитар дәрігері:   
-Күн сайын мониторингтік топ 50-ден 80-ге дейін карантин талаптарын бұзу фактілерін анықтайды. Салыстыру үшін айтсақ қыркүйекте бұл көрсеткіш алтаудан аспайтын. Коттедждерде жасырын той тойлап, еске алу рәсімін өткізетіндер азаймай тұр. Мұның бәрі жағдайдың ушығуына соқтыратынын ұмытпаңыздар. Маска тақпағаны үшін ғана 83 мың теңге айыппұл салынады. Сондықтан өз денсаулықтарыңызды қатерге тігіп, артық шығынға ұшыраудың еш қисыны жоқ.   

Шығыс Қазақстанда індеті өршіп тұр. Бүгінде өңірде қауіпті вирусты жұқтырғандар саны 12 мыңнан асып кетті. Тек соңғы тәулікте облыс бойынша 231 науқас тіркелді. Олардың ішінде 78 адам бір Өскеменнің өзінен анықталған. Соңғы бір аптада коронавирустан 10 адам қайтыс болды. Сондықтан облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысымен шектеу шараларының мерзімі 25-ші қарашаға дейін ұзартылды. Аймақ аумағынан ұшақ немесе пойызбен шығатын жолаушыларда ПТР-тест өткені туралы анықтама болу керек деген талап сақталады. Ал облыстың денсаулық сақтау басқармасына жаңа басшы тағайындалды.

Дәуренбек Әбдібек

Шығыс Қазақстан шектеу шаралары Өскемен денсаулық

Хабарламаларға жазылу