Жоба мемлекеттік инвестиция есебінен жүзеге аспақ.
qazaqstan.tv редакциясының ресми сауалына жауап берген қала әкімдігінің баспасөз қызметі Нұр-Сұлтанда пайда болатын жаңа арбаттың ерекшелігін атады. Дереккөзіне сүйенсек, әкімдік қазір дат сәулетшісі Ян Гейлдің атақты «Қалалар адамдар үшін» кітабын негізге алып, қала көшелерін өзгертуге кіріскен.
«Дат сәулетшісі Ян Гейлдің «Қала адамдар үшін» жобасындағы тәжірибесін зерттеп Нұр-Сұлтан қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы қала әкімдігіне жобалау жұмыстарын ұйымдастыру бойынша ұсыныстар енгізді. Қазір «Нұр-Сұлтан қаласының аумағында жаяу жүргіншілер аймақтарын қайта жаңарту және қоғамдық кеңістікті үйлесімді, жайлы жайластыру» жобасы іске асып жатыр. Бірінші кезекте, Омаров көшесінің Қаздрамтеатр ғимаратынан Республика даңғылына дейінгі №2 учаскесі салынады. Қаржыландыру көзі - мемлекеттік инвестиция. Жоба 2021 жылдың желтоқсанында аяқталады. Идея авторы – урбанистика орталығының жетекшісі Елнар Базыкен», - деп хабарлады әкімдік.
Дизайн бойынша су бұрқақ каскадты, геометриялық пішіндегі алты тостағаннан тұрады. Кешеннің жалпы ұзындығы шамамен 90 метр, негізгі ыдыстың ең жоғарғы бөлігінің ені- 18,4 метр. Дөңгелек ыдыстардың диаметрі шамамен 8 метр. Су бұрқақтың басты (жоғарғы) тостағанында «Халықтар достығы» монументі орналасқан. Қаздрамтеатрының ауданында құрғақ су бұрқақ қарастырылған. Нысанның барлық аумағы сыртқы жиһаздармен, орындықтармен, урналармен және заманауи дизайн шамдарымен жабдықталған»,
Яғни, әкімдік осы айтылған аумақта жаңадан бір арбат салып жатыр. «Оның басқа арбаттардан 5 айырмашылығы бар, бірінші, осы «Каскад» су бұрқағы. Екіншісі, велосипед жолы бір жағынан екі бағытта салынады. Сонымен қатар,жаңа арбаттың Омаров көшесінің бойындағы жағы бір жолақты болады, арбатта сауда павильондары, балалар шығармашылығына арналған тегін аймақтар орналасады, және арбар аумағында қоғамдық дәретхана пайда болады.