Елордада «Astana Media Week - 2020» апталығы басталды. Биыл іс-шара онлайн форматта өтіп жатыр. Негізгі мақсаты – отандық медиа саланы дамыту, индустриядағы іскерлік қарым-қатынасты халықаралық деңгейде ілгерілету. Медиа апталық 4 жыл қатарынан әлемнің әр елінен жетекші сарапшылардың басын қосып келеді. Биыл оған 10 мемлекеттен 60-тан астам сарапшы, топ менеджерлер мен журналист-ғалымдар қатысып жатыр. Осы жолы ұйымдастырушылардың назары медиа саланың алдағы уақыттағы жұмыс бағытын құру мәселесіне ауып отыр. Басты тақырыптар: медиа-контентті тұтынудағы жаһандық трендтер, пандемия және жаңа жағдайдағы редакциялардың жұмысы. Дәстүрлі шара 13 қарашаға дейін жалғасады.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:Ақпарат тасқыны көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан уақыт. Интернет арқылы әртүрлі ресми емес ақпараттарды халық арасынан жылдам тарату кеңінен белең алды. Соның нәтижесінде дәстүрлі БАҚ-қа деген қызығушылық төмендеді. Қазір жекелеген адамдардың пікірі ресми жаңалықтардан бірінші оқылатын болды. Бір сөзбен айтқанда қоғамның талғамы өзгерді. Бұл бізден әрқашанда бәсекеге қабілеттілікті талап етеді.
Фариза Мұсақызы